Коронавирус жұқтыру деректері 20 есе артты – Ержан Байтанаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бірнеше күн бойы елімізде короновирус жұқтыру деректері артып келеді. Соңғы күндері бұл көрсеткіш бірден 20 есеге көбейді. Осы орайда Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевпен тілдесіп, елдегі эпидемиологиялық ахуал және әлемде белең алған маймыл шешегінен келетін қауіп туралы сұраған едік.

- Ержан мырза, соңғы бірнеше тәулікте елімізде коронавирус жұқтыру деректері көбейді. Неліктен індеттің ілмегіне іліккендер саны артып барады?

- Елдегі эпидемиологиялық ахуал алаңдатарлық. Себебі коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіштерінің артып келе жатқаны байқалады. Биылғы маусым айының басында COVID-19 жұқтырғандар саны күнделікті 5 жағдайдан аспаған болса, соңғы тәулікте 110 дерек анықталды. 20 күндегі көрсеткіш 20 есеге дейін артты. Індетке шалдығу жағдайларының басым көпшілігі Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында тіркеліп жатыр.

Сондықтан вакцина алуымыз қажет. Кез келген вакцина бір салғаннан кейін өмір бойына қорғаныш қалыптастыра алмайды. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін екпенің күші әлсірей бастайды, сәйкесінше ауруды жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Аурудан сауыққаннан кейін немесе екпе алғаннан кейін 6-9 ай өткеннен соң антиденелер көрсеткіштері төмендей бастайды. Бұл туралы біздің мамандар бірнеше рет ескерткен болатын. Эпидемиологиялық зерттеу нәтижелері қазіргі таңда коронавирус инфекциясы вирусқа қарсы екпе алмаған және уақытылы ревакциналаудан өтпеген адамар арасында анықталып отырғанын көрсетті. Қазіргі таңда әлемнің бірқатар елдерінде вакциналау қарқыны бәсеңдеп, соның салдарынан коронавирус қайтадан күш ала бастады.

Вакцинация және ревакцинация «Vero Cell», «QazVac», «Pfizer» препараттарымен жүргізіледі. «Pfizer» препаратының нұсқаулығына ағымдағы жылдың сәуір айында өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес препараттың жарамдылық мерзімі 9 айдан 1 жылға дейін ұзартылды. Сондықтан елдегі бұл препарат биыл қазан айына дейін өзінің вирустан қорғау қабілетін жоғалтпайды.

Бүгінде елімізде вакцинаның 1,9 млн дозасы бар. Оның 1,1 млн дозасы бірінші реттік екпе болса, 800 мыңы ревакцинацияға арналған. Қазіргі таңда екпенің қос компонентін халықтың 78 пайызы алды.

Науқастарды емдеу үшін республика бойынша 107 стационарда 1963 төсек-орын дайындалған. Бүгінде стационарда 89 науқас ем алып жатыр. Бұл жалпы орындардың 5 пайызын құрайды.

Коронавирус қалай түрленіп, қаншалықты жиі мутацияға ұшырап жатыр?

Ұжымдық иммунитет төмендеген жағдайда, сәйкесінше вирус мутациялануын жалғастыра береді. Бүгінгі күні омикрон штамының өзінде бірнеше нұсқалары анықталып отыр. Алдағы уақытта аурудың өсуі популяциядағы омикрон штамының ВА.4/ВА.5 субварианттарының таралуымен байланысты болуы мүмкін. Олардың жұғу жылдамдығы алдыңғы түрлеріне қарағанда бірнеше есе жоғары. Бүгінгі күні елімізде айналымда негізінен омикрон штамы таралған. Ғалымдардың болжамы бойынша, коронавирустың жаңа нұсқалары постковидті синдромның дамуына әкеліп соғуы мүмкін.

Қазір аталған індет тұмау түрінде тарайды. Әсіресе, тамақ қатты қабынып кетеді деген ақпарат қаншалықты рас?

Қазіргі басты белгілер – бастың, тамақтың қатты ауыруы. Шаршау, әлсіздік, мұрынның бітелуі, сонымен қатар иіс, дәм сезу қабілеттерінің жоғалуы. Оған қоса бас айналып, тамақтың ісінуі де «омикрон» жұқтырғаныңыздың белгісі болуы әбден мүмкін. Сол себепті осы белгілердің біреуін байқаған болсаңыз, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

Әлем елдері карантин шектеулерін алып тастап жатыр. Емін-еркін ел аралау, саяхаттау маусымы басталды. Бұл қаншалықты қауіпті?

Коронавирус пандемиясы аяқталған жоқ. Вирус әлі де циркуляцияда бар. Иә, карантин талаптары жеңілдетілді. Мұны тұрғындар қауіптің жойылуы деп түсініп, босаңсып кеткені жасырын емес. Бірқатар елде вакциналау қарқыны да бәсеңдеп кетті. Салдарынан ұжымдық иммунитет әлсіреп, КВИ қайта күш алып жатыр. Коронавирус инфекциясы өршіп тұрған, эпидахуалы қолайсыз елдерге сапар шекпеуге кеңес береміз. Сонымен қатар шетелге саяхатты жоспарлаған болсаңыз, вирусқа қарсы вакцина немесе уақытылы ревакцинадан өткеніңіз аса маңызды. Себебі аурудан сақтанудың басты әрі тиімді тәсілі - екпе алу. Адам көп жиналатын орындарға барған кезде жеке профилактика шараларын (қашықтық сақтау, маска тағу) пайдалану, қол және тыныс алу ағзаларының гигиенасын сақтаңыз, өзіңізбен бірге қалта антисептиктерін алып жүріңіздер!

Қытайда вирус қайта өршіп, індет жұқтыру деректері артты. Бұған не себеп?

Иә, Қытайда коронавирус бойынша эпидахуал күрт күрделеніп кеткен еді. Бұл вирустың жаңа мутацияларымен байланысты деп болжанады. Миллиондаған адам локдаунға жабылып, қайтадан тесттен өткізу тәртібі енгізілген болатын. Шетелге сапар шегуге шектеулер күшейтіліп, кіріп-шығу құжаттарын беру уақытша тоқтатылған болатын. Ал соңғы мәліметтер бойынша Қытай билігі коронавирус жұқтырғандардың оқшаулану мерзімін екі есе қысқартып, карантин режимін жеңілдетіп жатыр.

Коронавирустан бөлек маймыл шешегінің таралуы да бәсеңдейтін емес. Бұл тұрғыда біздің елдегі жағдай қалай және үрейленуге негіз бар ма?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемнің 60-тан астам елінде маймыл шешегінің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталды. Африкада ауырған адамдар саны 2016 жылдан бастап жылдам өсуде, ресми деректер бойынша ауру 20 есе көбейген. Ауру, әсіресе, Нигерия мен Конгода көп тіркелуде. Ғалымдардың мәлімдеуінше, маймыл шешегі болжам жасалған мерзімнен бұрын мутацияға ұшырады. Талдау көрсеткендей, вирустың құрамында 2018, 2019 жылдардағы үлгілерде болмаған 50 жаңа мутация бар. Соның салдарынан оның жұқпалылығы артқан. Жаңадан жүргізілген зерттеу аясында ғалымдар шешек вирусының 15 сынамасын жинақтап, олардың генетикалық ақпаратын қалпына келтірді. Нәтижелер мутация жылдамдығы күтілгеннен 6-12 есе жоғары екенін көрсетті. Жақында Францияда балалар арасында маймыл шешегін жұқтырудың алғашқы жағдайы болды. ДДҰ Бас директоры маймыл шешегі вирусының қазіргі нұсқасының ерекше екенін айтып, вирусологтардың бұған ерекше назар аудару қажеттігін мәлімедеген болатын. ДДҰ мәліметі бойынша маймыл шешегімен ауырып, сауыққаннан кейін оны қайта жұқтыру қаупі бар. Себебі иммунитет індетті қайта жұқтырудан 100% қорғай алмайды. Сондықтан сақтық шараларына бей-жай қарауға болмайды.

Ержан мырза, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!


Фото: www.coronavirus2020.kz
Соңғы жаңалықтар