Коронавирус жұқтырғандардың ауру белгілері 2 жылға дейін сақталады – маман

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавируспен ауырғандардың 20%-ында ауру белгілері ұзақ уақыт бойы сақталып қалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен «Вирустық аурулардың алдын алу, иммунитетті нығайту, постковидті асқынулар» туралы брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жіті респираторлық вирустық инфекциясы – бүгінгі күні ең кең таралып отырған жұқпалы аурулардың бірі. Оны жұқтырмаудың алдын алу туралы айтқан кезде әлеуметтік қашықтықты сақтау, медициналық маска тағу, қол гигиенасын сақтау туралы және салауатты өмір салтын ұстану туралы айтамыз. Коронавирустан белсенді түрде қорғанып жүргеніміздіктен, биыл ЖРВИ-дің эпидемиологиялық маусымында тұмау вирусының циркуляциясы төмендеді. Бұл – қолданып жатқан сақтық шараларының нәтижесі деуге болады», - дейді «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл.

«Кардиология және ішкі аурулар» ҒЗИ-дің ішкі аурулар кафедрасының профессоры Сәуле Қасенова постковидті асқыну туралы мәлімет айтты.

«Коронавируспен ауырғандардың 20%-ында ауру белгілері ұзақ уақыт бойы сақталып қалады. Бұл дертпен ауырып, жазылып кеткендер бізден бұл дерттің клиникалық белгілері қашан кететіні туралы сұрайды. Бізде нақты мәлімет жоқ, бірақ Covid-19-бен ауырғандарда ауру белгілері 2 айдан 2 жылға дейін сақталып қалады. Мысалы, коронавируспен ауырған адам ұзақ уақыт бойы жөтеліп жүре беруі мүмкін немесе демікпе пайда болуы, әлсіздік пайда болуы мүмкін. осының салдарынан адам бұрын күнделікті істеп жүрген әрекеттерін істей алуы қиындай түсуі мүмкін. Коронавируспен ауырған адамдардың кейбірінде үнемі басы ауырып, басы айналып жүрсе, енді бірінің жүрек тұсы, кеудесі ауырып жүруі мүмкін. тіпті ұйқызы бұзылып, есте сақтау қабілеті нашарлап кететіндері де бар. Коронавирустың осындай салдары мен оңалту жолдар бар екенін білуіміз керек. ДДСҰ-ның биыл 25 қаңтарда шыққан ұсынымы бойынша, коронавируспен ауырып емделген адам өзінің дәрігерімен телефон арқылы байланыста болып тұруы керек», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар