Коронавирус жұқтырғандар антибиотикті дәрігер нұсқауынсыз қабылдамауы керек- пульмонолог

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, пульмонолог Абзал Малбасқанов коронавирусты тиімді емдеудің тәсілдері және оны алдын алуға қатысты ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

– COVID-19 вирусының жеңіл формасының белгілері қандай болады?

– Коронавирустың жеңіл формасында адамның дене қызуы аздап қана көтеріледі. Екі үш күнде басылып қалуы да мүмкін. Егер адамның имунитеті мықты болса, тіпті сезбейде қалады. Адамдар қандай жағдай болмасын, бәріне мән беруі керек. Ең бастысы қосалқы яғни, созылмалы ауруларға ерекше назар аудару қажет.Себебі, жұқпалы инфекция адамның әлсіз ағазасына жабысады. Бұрынғы ауруларын қоздырып, соққы жасайды. Сондықтан, абай болған абзал.

– Қандай жағдайда үйде емделуге болмайды?

– Ауруға шалдыққандардың біразы үйінде ем алығысы келеді. Сөйтіп, антибиотиктерді өз бетірінше қабылдай бастайды. Антибиотиктер бактерияны өлтіретін дәрілік зат. Өз-өзіне тағайындап ішкен дәрілер иммунитеті одан сайын әлсіретіп, жағдайды ушықтырады. Сол себепті үйде емделген лажы емес. Көбінесе дәрігермен кеңесіп, аурудың қандай жағдайда өтіп жатқанын, қандай деңгейде екенін соны анықтап, қосымша емханада ренгенологиялық зерттеулер жасап, содан кейін барып, керекті нақты дәрілерді тағайындаған дұрыс болады. Тағы да қайталап айтам, коронавирус жұқтырғандарға антибиотиктерді дәрігердің нұсқауынсыз қолдануға болмайды.

– Адам өкпесінің қабынғанын неге кеш біледі?

– Өкпенің ауа сыйымдылығы 3-5 литр аралығы. Күнделікті өмірде біз оның жартысын, яғни 50 пайыз мүмкіндігін ғана пайдаланамыз. Ол мөлшер біз үшін жеткілікті, ал оның толық көлемде әдетте тек спортшылар ғана қолданады. Демек, адамдар өкпе ауруы асқынып, демікпе не жөтел пайда болғанда ғана өкпесінің қабынғанын байқайды. Оның үстіне қабыну өкпедегі аралық тіндерде болатындықтан, медициналық аппараттың көмегінсіз өкпе қабынуының бастапқы кезеңін байқау мүмкін емес.

– Қабынған өкпені қайта қалпына келтіруге қанша уақыт кетеді?

– Бұл өкпенің қаншалықты зақымданғанына байланысты. Ауруханадан өкпесі 50 немесе 100 пайыз зақымданған науқастарда емделіп шықты.Қарапайым пневмониямен ауырған адамдардың өкпесі кем дегенде 1-3 айға дейінгі уақытта қалпына келеді. Еуропа ғалымдарының зертеуі бойынша, коронавируспен ауырған адамдардың да өкпесі жүз пайыз қалыпына келеді. Бұған уақыт, сабырлық керек. Тағы бір айта кететін жәйт, адамдар тек дәрігерге немесе ішетін дәрісіне ғана арқа сүйеп отырмаулары керек. Дерттен құлан-таза айығып кетуге көңіл- күйде әсер етеді. Осыны естен шығармаған жөн.

– Коронавирустан емделіп шыққан адамдарға неге баса назар аударған жөн?

– Аллаға шүкір, бұл адамдар ауруды жеңіп, айығып шықты. Бірақ, мынаны естен шығармаулары керек, короновируспен ауырған адам бар күшін осы дертті жеңуге жұмсады. Ағза әлсіреп қалды, сондықтан өзін-өзі күтуі керек. Той-томалақтан, жиындардан, адам көп шоғырланатын орындардан бас тартулары қажет. Ағзаны қайта қалпына келтуруге біраз уақыт кетеді. Дәруменге бай тамақтарды ішіп, ұйқыға мән беру, таза ауда серуендеу, спортпен шұғылдану ,салауатты өмір салтын қалыптастыру керек.

– Коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайынсыздар ма?

– Коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайынбыз. Біз ару өршіген уақыттағы жағдайға сараптама жасадық. Қандай жетістіктерге жетік немесе қандай қателіктер жібердік. Осының бәрін зерттеп, зерделедік. Қазір ауруханаларда қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Бір сөзбен айтқанда емханалар коронавирустың жаңа толқынына сақадай-сай дайын. Қазір барлық ауруханалар мен ондағы мамандардың тәжірбиесі бар. Олар аурудың өршуіне жол бермейді. Сондай-ақ, науқасқа дер кезінде медициналық көмек береді деп сендіре аламын. Дәрілік қорда бар.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус енді ешқайда кетпейді, өмір бойына қалады деді. Сіздің ойыңыз?

– Коронавирус әлемге тараған инфекция. Бұл вирусты жер бетінен жойып жіберу қиын. Вакцина әлі дайындалып жатыр. Оны сапасы қандай болатыны әлі белгісіз, бағасы да шешілген жоқ. Бұл біраз уақытты талап етеді. Вакцина дайын болғаның өзінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қоғамның вакцинаға қатысты пікір де, ойы да екі түрлі екені белгілі. Сондықтан, коронавирус инфекциясының толқындары әлі де болып тұруы мүмкін.

– Пульмонолог–дәрігер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы салауатты өмір салтын ұстану керек. Жиі таза ауға шығып, тыныс алу жаттығуларын жасау қажет. Диетаға да мән берген жөн. Жартылай фабрикаттар мен газдалған сусындардан бас тартуға тура келеді. Енді бұл аурудан қорқа берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Ауруды міндетті түрде жеңеміз.

– Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар