Коронавирус жұқтырған ақтөбеліктердің 95 пайыздан астамы жазылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында 3 741 жағдай тіркелсе, қазіргі уақытта 3 601 адам жазылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы «жасыл» аймақта тұр. Өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен өткен тәулікте 12 адам коронавирус инфекциясына шалдықты. Оның жетеуі Ақтөбе, өзгесі Мәртөк ауданының тұрғыны. Аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,3% құрады.

«Жалпы облыста 3 741 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта оның 95 пайыздан астамы жазылды. Қазіргі кезде 100-ден астам адам үй карантинінде. Айта кетерлік жайт, мобильді топ жұмысын жалғастырып жатыр. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабы 1-бөлігі бойынша 1 285 хаттама толтырылып, оларға 170 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Барлығы 17 іс экономикалық сотқа жіберілді. Шешім қаңтар айында шығады», - деді Нұрсұлу Беркімбаева. Сонымен бірге облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері сайлау кезінде санитарлық талапты сақтауды ескертті. Арақашықты сақтау, маска тағу және антисектик қолдану маңызды. Дене қызуы көтеріліп, жөтелсе, үйден шықпай-ақ дауыс беруге болады.

«Қазіргі кезде инфекциялық ауруханаларда 74 науқас бар. Жансақтау бөлімінде 10 науқас жатқанымен, ешқайсысы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылмады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.


Соңғы жаңалықтар