Коронавирус жұқтырған адам өкпе қабынуынан толық айықпаса, күн суытқанда қайта асқынады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Елімізде соңғы айларда эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанымен кей өңірлерде карантин талаптары күшейді. ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да коронавирус пандемиясы аяқталмағанын ескертіп, күз мезгілінде екінші толқын жүруі мүмкін деген болжам жасаған болатын. Осыған орай, Маңғыстау облысының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр коронавирус немесе вирустық пневмониямен ауырған адамдардың өкпесіндегі қабыну толық айықпаса, күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкінекенін ескертті. ҚазАқпарат тілшісінің дәрігермен сұхбаты осы мәселені қаузайды.

- Елімізде қараша, желтоқсанда коронавирустың екінші толқыны басталуы мүмкін деген болжам бар. Жаз мезгілінде қауіпті індетті жұқтырғандар күзде қайта ауыруы мүмкін бе?

- Нақты болжам жасау қиын. Дегенмен, өзіңіз білетіндей, коронавирустың бірінші толқыны биыл наурыз айынан шілде айының соңына дейін созылды. Мұнан соң тамыз-қыркүйек айлары үзіліс тапқан болатын. Шамамен қыркүйектен 20-сынан бастап аймақта зертханалық жолмен дәлелденген коронавирустық инфекциялар тіркеле бастады. Оның үстіне күзде респираторлық аурулар өршиді. Осы уақыттакоронавирус немесе вирустық пневмониямен ауырған адамдардың өкпесіндегі қабыну толық айықпаса, күн салқындағанда өкпе қабынулары қайта асқынуы мүмкін. Бұл науқастармен бұған дейін физиотерапия бөлімінің мамандары жұмыс жасады. Яғни, олар үйреткен тыныс алу жаттығуларын тұрақты жасап тұрулары қажет. Бүгінгі таңда орталық ауруханада 40 төсектік оңалту бөлімі жұмыс істеп тұр. Мүмкіндігінше емханалар арқылы порталмен сол бөлімге түсіп, емделуге де болады. Ол жерде емдік шаралардан бөлек тыныс алу жаттығуларын дұрыс жасау жолдары үйретіледі.

- Жаз мезгілінде өзіңіз де вирус жұқтырып, емделіп шыққаныңызды білеміз. Қауіпті індетпен ауырып шыққан науқастар денсаулығын нығайту мақсатында не істеуі керек? Өзіңіз қалай иммунитетті көтеріп жүрсіз?

- Шіліңгір шілдеде нағыз эпидемиологиялық ошақта жүреміз деп, аты өшкір коронавирусты жұқтырып 2 айдан аса, оның ішінде 12 күн жансақтау бөлімінде ем алып, бірінші алла, сосын әріптестеріміздің тәулік бойы 24 сағат тікесінен тік тұрып атқарған қызметі, тілеулес ел жұрттың ізгі ниетінің арқасында қатарға қосылдым. Дәрі мен инеден шаршадық, Бурабай, Сарыағаш асып кетуге күзгі маусымнан сескендік. Сонымен «жақыннан дорбалайық» деп Ақтаудағы жаттығу залына жазылдым. Доктор Бубновский - егер қозғалыс болмаса, денең сені жерге жаншып жібереді. «Денсаулық - ол еркін қозғалыс», деп бекер айтпаған. Себебі салауатты өмір салтының негізі қозғалыста. Күн салқындағалы өкпедегі айықпаған қабыну аймағындағы (матовое стекло) қалдық сыр беріп, ентігу қайта басталуы мүмкін. Сондықтан өкпеге арналған тыныс алу гимнастикасын жасап тұру керек. Өкпені керіп, тазарту нәтижесі бірінші жаттығудан-ақ біліне бастады. Жалпы күніне жаяу жүрген дұрыс. Мәселен, таза ауада серуендеудің өзі ағзаға үлкен күш береді. Бұл жерде Маңғыстау тұрғындары үшін ең қолайлы Каспий теңізінің жағалауы. Күніне 1 сағат теңіз жағасында жүру иммунитетті күшейтеді.

- Дәрігерлер коронавирустан сақтанудың қарапайым қағидаларын айтып жүр. Маска кию, адам көп шоғырланатын жерлерге бармау секілді. Сіз дәрігер ретінде тағы қандай кеңес берер едіңіз?

- Біздің менталитеттің тамақ режимінде көбіне нан тағамдары мен майлы еттер жоғары орын алады. Біз ол әдеттен алыстауымыз керек. Тамаққа көбіне көкөніс өнімдерін, минералға бай дәнді-дақылдарды қосқан жөн. Әсіресе, балалардың дұрыс тамақтануына көңіл бөлген дұрыс. Сондай-ақ, күзгі маусымда жұқпалы аурулардың кең тарайтын мезгілінде қосымша витаминдер ішуге кеңес беремін. Күніне бірнеше рет үйді желдетіп, ауаны тазарту керек. Дұрыс тамақтануға көңіл бөлу. Күніне 1-1,5 литр су ішу. Витаминге бай құнарлы тамақ ішу. Маска тағудың да өз тәртібі бар - маска мұрынды, ауызды толық жауып тұруы керек. Бір рет қолданатын масканы 2 сағаттан соң ауыстырып тұрған жөн.

Масканы бірнеше күн қалтамызға немесе сумкамызға салып жүруге болмайды. Оны тек құлақ баулары арқылы ұстау керек. Пайдаланып болған соң полиэтилен пакетке салып, қоқысқа тастау қажет, ашық күйінде әр жерге тастауға болмайды. Тігілген, көп пайдаланатын масканы 4 сағат таққаннан соң жуып, кептіріп, үтіктеп қайта пайдалануға болады. Масканы ашық түсті матадан тіккен дұрыс, қара матадан тігіп, бірнеше күн киіп жүрген дұрыс емес. Көпшілік орында міндетті түрде маскамен жүру керек. Егер кез келгеніміз осы қарапайым қағидаларды сақтасақ, вирустан 70,80 пайыз қорғануға мүмкіндік бар.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар