Коронавирус жұқтырған адам екі апта бойы емделеді – Елжан Біртанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Инфекцияның таралуын тоқтату мақсатында облыстық деңгейде, қалалық деңгейде карантин жариялануы мүмкін. Бұл туралы елдегі коронавирус жағдайы жайлы онлайн брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин жағдайында тек шетелдік азаматтар ғана сыртқа шыға алады және өзіміздің елдің азаматтары ғана елге кіре алады. Шетел азаматтары елге кіре алмайды. Әр өңірдің эпидемиологиялық жағдайына байланысты әкімдер шешім қабылдайды. Қазіргі заңнама бойынша, бұл шешімді облыстың не ауданның бас санитар дәрігері жариялайды. Мысалы, Алматы қаласындағы бас санитар дәрігер өзінің қаулысымен қажетті карантиндік шаралар енгізу бойынша шешім қабылдайды және оны әкімшілік, басқа да мемлекеттік органдар, ұйымдар міндетті түрде орындауы тиіс», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Оның айтуынша, кешеден бастап Атырау облысында, Қарағанды қаласында, Ақтөбе облысында бас санитар дәрігерлер шешім қабылдаған.

«Карантиндік шаралардың негізгі мақсаты – инфекцияның таралуын жою. Бұл инфекция ел арасында әлеуметтік қарым-қатынас негізінде тарайды. Біз туыстармен, басқа да адамдармен жұмыс бойынша, әртүрлі себептер бойынша араласамыз. Соны тезірек тоқтатсақ, инфекция да тоқтайды. Көбінесе бұл аурудан екі апта ішінде емделіп шығып жатыр. Осы жағдайда емделетін деңгейіміз ауыратын деңгейден озады. Сол себепті де облыстық деңгейде, қалалық деңгейде карантин болуы мүмкін. Қала ішінде тұрғын үй, аурухана, жатақханада карантин енгізуіміз мүмкін, өйткені инфекция табылып, көп адам ауырса – олар сол жерден шықпай, емделуі тиіс», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар