Коронавирус жұқтырған 6 мыңнан астам медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 6 мыңнан астам медицина қызметкеріне COVID-19 инфекциясын және пневмонияны жұқтыруына байланысты біржолғы төлем берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, COVID-19-бен күреске жұмылдырылған 6 006 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алды. Аталмыш қор ауру салдарынан қайтыс болған 182 медицина қызметкерінің туыстарына төлем аударды.

Аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссия ауырған медицина қызметкерін тексеру нәтижесі негізінде анықтайды. Өтінімді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беріледі, содан соң төлем тағайындау үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жіберіледі.

«14 қазан сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 6 006 медицина қызметкердің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 182 медицина қызметкеріне қатысты ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды», делінген хабарламада.

Төлемді COVID-19-бен күресте қайтыс болған барлық медицина қызметкерінің туыстары алды.

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көбі Нұр-Сұлтан (1 105) және Алматы (560) қалалары және Қарағанды (551), Шығыс Қазақстан (507) және Атырау (470) облыстары бойынша жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына 22 шілдеде енгізілген өзгерістерге сәйкес, жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирус инфекциясы немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.


Соңғы жаңалықтар