Коронавирус: Жамбыл облысындағы науқастардың басым бөлігі — алыс-жақын шетелге шығып келгендер

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жедел штабтың кезекті отырысы өтті. Онда соңғы тәулікте аймақтағы коронавирустық инфекцияның таралу жағдайының күрделене түскендігі атап өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта облыс аумағында ресми түрде 45 науқас тіркелген десек, олардың дені өңірге еліміздің басқа аймақтарынан, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келгендер. Науқастармен байланыста болған барлық тұлғалар карантинге алынған.

Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов, полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов сөз алып, олар қауіпті инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Б. Жарқынбековтың айтуынша, 7 сәуірдегі жағдай бойынша облыс бойынша коронавирустық инфекцияның 45 жағдайы тіркелген. Оның ішінде 11 адам шекаралық өткізу пункттерін кесіп өту кезінде, 6 жолаушы Дели рейсінен анықталған. Тараз қаласында 5 оқиға, Қордай ауданында – 18, Меркі ауданында – 2, Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандарында – бір-біреуден тіркелген.

Сондай-ақ, ауруға шалдығудың ең көп көрсеткіші көрші Қырғыз Республикасынан келушілер арасынан байқалған, олардың саны - 14 адам.

Барлық науқастар облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар корпусына жатқызылған. Жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде, олар клиникалық хаттамаға сәйкес ем алуда. Карантиндік және провизорлық стационарларға бүгінге дейін жалпы саны 1305 адам келіп түскен десек, оның 977-і шығарылған. Ал, 328 адам стационарлық бақылауда.

Соңғы жаңалықтар