Коронавирус: Жамбыл облысында жедел жәрдемді шақыртулар саны артты

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтің төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штаб отырысында облыстағы эпидемиологиялық жағдай, сондай-ақ вакцинация мәселелері сараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, Жамбыл облысында коронавирустың тәуліктік өсімі 0,4 пайызды құрайды.

«Бүгінгі таңда инфекциялық стационардағы 1200 төсектің 460-ы жүктелген, 45 науқас реанимацияда ем алуда. Карантиндік стационарда 18 адам, үй карантинінде 1741 адам жатыр», - деді басқарма басшысы.

Ол сонымен қатар соңғы аптада облыста коронавирустың 152 жағдайы тіркелгенін айтты. Әсіресе, Тараз, Шу, Жамбыл және Байзақ аудандарында жағдай шиеленісе түскен.

«Соңғы екі аптада коронавирус белгілерімен байланысты жедел жәрдемді шақыртулар саны 491-ден 599-ға дейін өссе, пневмониямен, керісінше, 87-ден 48-ге дейін азайды», - деп атап өтті Ә.Қалиев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы елімізде коронавирус бойынша жағдайдың нашарлауына байланысты өңірімізде инфекциялық стационарлық екі мың төсектен тұратын резерв дайындалуда, оның 200-і реанимациялық екенін тілге тиек етті.

«Өңірдің барлық медициналық ұйымдары жалпы сомасы жеті миллиард теңгеге дәрі-дәрмектермен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Оның 1,2 миллиард теңгесі коронавируспен күреске қажетті препараттарға жұмсалды. Тапшылық жоқ», - деп атап өтті Әсет Қалиев.

«Біздің өңір әзірге «жасыл« аймақта тұр, алайда елдегі және облыстағы жағдай шиеленісе түсуде, қырағылықты жоғалтуға болмайды», - дейді С.Әлібаева.


Соңғы жаңалықтар