Коронавирус: Жамбыл облысына Қытайдан келген 37 азамат қатаң бақылауда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы аумағында этиологиясы белгісіз пневмонияның, яғни коронавирустың әкелінуі мен оның таралуының алдын алу жөніндегі санитариялық эпидемияға қарсы және алдын алу іс-шараларын күшейту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, қазіргі таңда облыста коронавирусқа күдікті науқастар тіркелмеген. Алайда, бұл бағыттағы алдын алу іс-шаралары әрі қарай жүйелі түрде жүргізіле бермек.

«Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен аудандардағы орталық ауруханалардың инфекциялық бөлімшелерінде 503 төсек оны бар болса, оған қосымша ересектерге – 147, балаларға – 186, барлығы 333 төсек дайындалды. Медициналық ұйымдар жеке бас қорғаныс киімдерімен, вирусқа қарсы препараттар мен вируцилидті дезинфекциялық заттардың қорымен қамтамасыз етілді. Өңірдегі медицина қызметкерлері арасында белгісіз пневмонияның диагностикасы, емдеу және алдын алу туралы кеңес-семинарлар өтті. Атап айтсақ, барлығы 45 семинар өтіп, оған 3226 медицина қызметкері қатысты»,-дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар облыстағы құзырлы мекемелердің мамандарының қатысуымен биыл 24 қаңтарда «Әулие Ата» әуежайында белгісіз пневмонияның әкелінуі мен оның таралуының алдын алу, бірінші кезектегі шараларды ұйымдастырып, өткізу бойынша оқу-жаттығу сабағы өткізілген. «Емдеу мекемелерінің, оның ішінде жедел медициналық жәрдем станциясының медицина қызметкерлері арасында белгісіз пневмонияға күдікті жағдайларды анықтау, тіркеу, есепке алу, шұғыл хабарлама жолдау, науқастарды қабылдау мен оларға жедел мамандандырылған көмек көрсету бойынша даярлығы шыңдалды. Облыстың барлық медицина ұйымдарының қабылдау бөлімдерінде, қарау бөлмелерінде, жедел медициналық жәрдем станциясында медицина қызметкерлеріне арналған алгоритмдер әзірленді», -дейді М.Жұманқұлов.

Айта кетейік, облыстық полиция департаменті көші-қон басқармасының мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қытай Халық Республикасынан облысымызға 37 азамат келген. Олардың барлығы тұрақты мекенжай бойынша емдеу мекемелерінің медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауына алынған. Қазіргі таңға дейін 25 азамат 14 күндік медициналық бақылаудан өтсе, бақылаудан өтіп жатқан 12 азамат бойынша ешқандай шағымдар орын алмаған.


Соңғы жаңалықтар