Коронавирус үрейлі болғанымен жауапкершілік қашан да жоғары – қазақ-қытай шекарасындағы тексеруші маман

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус қаупі жайлы ең алғаш ақпараттар шыға бастағанда дүйім жұрт дүрлігіп, көптің назары шекарадағы бекеттерге ауған еді. Қазақстан мен Қытай арасындағы сондай станциялардың бірі – Алматы облысының Панфилов ауданындағы Алтынкөл бекеті. Алайда алғашқы күннен бастап Алтынкөл станциясының санитарлық-карантиндік қызметі шекарадағы бірде-бір адамды тексеріссіз өткізбей, жағдайды қатаң бақылауда ұстап келеді.

Алтынкөл станциясындағы санитарлық-карантиндік қызмет Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаментіне қарайды. Мұндағы санитарлық-карантиндік бақылау бөлімнің басшысы Ғалиолла Нуруллин бірнеше маманмен бірге күндіз-түні демалыссыз тексеріс жұмыстарын жүргізіп келеді екен.

«Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы тек локомотив бригадасының мүшелері жүк тасымалын орындап жүр. Жүк тасымалданған кезде локомотивтің екі қызметкері ғана жүреді. Бұрын осы қызметкерлермен оқу-жаттығу жиынын өткізгенбіз. Қазір бірде-бір жолаушы ары немесе бері өте алмайды. Тек жүк тасымалы бар. Локомотив бригадасының мүшелерін біз бірден нейтралды аумаққа апарып, термометриядан, сауалнамадан өткіземіз. Кейде күніне 8 адам, кейде 30 адамға дейін тексеріледі», - дейді Ғалиолла Нуруллин ҚазАқпарат тілшісімен телефон арқылы берген сұхбатында.

Алтынкөл станциясында жұмыс күндіз-түні тоқтамайды.

Тәуліктік санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс күшейтілген. Барлық бригада жұмыс режімін қатайтып, тіпті қосымша көмек ретінде іссапармен келіп, жұмыс істеп жатқандар бар.

«Біздің арқамызға үлкен жауапкершілік артылғанын түсініп отырмыз. Белгілі бір қиындықтарға қарамастан қолымыздан келген жұмыстың бәрін атқарып келеміз. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес бізге жүктеліп отырған міндеттердің бәрі орындалуда. Әлбетте біздің жұмыстың барысын кейде түсінбейтін адамдар да кездеседі. Алайда жан-жақты ақпараттандырып, коронавирустың қаупін дұрыстап түсіндіргеннен кейін тіл табысқандай боламыз», - дейді Ғалиолла Нуруллин.

Бекеттің мамандары бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы шығып, оған өзгеріс енгізілген сайын жұмыс режімі күшейтіп, талапты да арттыра бастайды екен.

«Қаулыға сәйкес жұмысты орындау қиын болса да еңсеріп келеміз. Алғашқы күндері станцияда тәулік бойы жүрген кездер болды. Қазірге дейін тығыз болса да ұйымдасқан жұмыс реттеліп қалды. Осыдан барып аздап демалатын да уақыт табылды. Ең бастысы ел аман болсын деп қана тілеп отырмыз. Ақпараттардан елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып келе жатқанын ойлап туғандарың үшін, халық үшін алаңдайсың. Әйтсе де бұның бір қайыры болар. Көпшілік қоғам алдында өзінің жауапкершілігін түсінсе екен. Сонда ғана бұл қиындықты да еңсеретімізге сенемін», - деп түйді Ғалиолла Нуруллин.


Соңғы жаңалықтар