Коронавирус: Түркістан облысының стационарларында 100 орын дайындалды

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында коронавирус инфекциясымен күреске бағытталған шаралар аясында стационарларда 100 төсек-орын дайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, індетке ұқсас белгілері бар науқастарды жатқызу, диагноздарын нақтылау үшін тағы 240 орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған.

Облыстық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Жамалованың сөзінше, барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Бүгінде ауырғандармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін аймақта жалпы 505 төсек-орын болатын обсервациялық орталықтар дайын тұр.

«52 дәрігер, 138 орта буын және 147 кіші буын қызметкері жоғарыда аталған стационарларда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қажеттілігі бар 24 дәрігер, 5 орта буын мен 5 кіші буын қызметкері туралы мәлімет ұсынылды», – деді облыстың бас дәрігері.

Барлық медициналық ұйымдарда коронавирустың клиникасы, емдеу және диагностикалау тақырыбында 2 реттен семинар өткізілді. Аула аралау жұмыстары жүргізілуде. Үй карантиніндегі барлық азаматтарға бақылау жүргізіліп жатыр.

ҚР Үкіметінің резерв қорынан бөлінген қаражат есебінен облысқа 165 900 медициналық бетперде жеткізілген. Оның 81 000 данасы медициналық ұйымдарға таратылып, қалғандары орталықтандырылған қоймада сақталуда. Медициналық ұйымдарда бірреттік бетперделердің шығындарын үнемдеу үшін бірнеше рет қолданылатын қосымша 77 000 медициналық маска тігілді.

Айта кетейік, 2020 жылғы 26 наурыздағы жағдай бойынша Түркістан облысында коронавирус инфекциясы (COVID-19) тіркелген жоқ.


Соңғы жаңалықтар