Коронавирус: СҚО-да 6 мың жас ананың 2,5 мыңы ғана егілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында перинаталдық орталық дәрігерлері жүкті әйелдерді және жас аналарды коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға шақырды. Өйткені былтыр екпе алмаудың салдарынан өңірде екі әйел мен 3 шақалақ қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр перинаталдық орталық дәрігерлері коронавирус инфекциясынан 670 жүкті әйелді емдеген. Олардың 270-інде дерт асқынып, пневмонияға ұласқан. 205 әйелді аман алып қалу үшін мерзімінен бұрын босандыруға тура келді.

«Пневмония болған 52 әйелді ерте босандырдық, 64 әйел өкпені жасанды желдету аппаратында ұзақ уақыт болды. Олардың екі өкпесі де қабынған, жағдайлары өте ауыр болды. Өздігінен демала алмады. Сондықтан біз оларды аппаратқа қосуға мәжбүр болдық. Кейін ажыратқаннан кейін де бұл әйелдерді тағы бір ай бойы коронавирустан емдедік», - дейді СҚО перинаталдық орталық директоры Елена Калюжная.

Коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді және олардың іштегі шаранасын аман алып қалу үшін көп жағдайда кесар тілігімен мерзімінен ерте босандырылады. Алайда бұл да оң нәтиже бере бермейді екен.

«Былтыр 9 әйел өмір мен өлім аузында болды. Оларды біз 24 сағат бойы бақылауға алдық. Сырқаттардың біреуін реанимобильмен Кардиология орталығына жеткізуге тура келді. Ол жерде ЭКМО – экстракорпоралды мембраналық оксигенация аппараты бар. Қондырғы арқылы қан тамырлар оттегімен байытылады. Ол аппарат болмаса сырқаттан айырылар едік. 41 күн жатып, беті бері қарады. Өзі де, баласы да аман-есен үйлеріне жіберілді. Бірақ, өкінішке орай 9 әйелдің екеуінің өміріне араша түсе алмадық. Олар бізге өте кеш түсті, өкпелері 90 % зақымданған. Біз аман алып қалу үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, кесар тілігімен босандырып алдық. Сәбилері аман, бірақ олардың аналары қайтыс болды. Екеуі де аудан тұрғындары, жас келіншектер. Бұл әйелдердің барлығы да вакцина алмаған», - дейді Елена Калюжная.

Жүкті әйелдерді аман алып қалу үшін өте ерте мерзімде босандыруға тура келген, салдарынан 3 шақалақ көз жұмды. Дәрігердің айтуынша, шақалақтардың салмағы өте кішкентай болған, мамандар қанша тырысқанымен, оларды аман алып қала алмады.

«Біз әйелдерді, жас аналарды вакцина салдыруға мәжбүрлей алмаймыз. Тек кеңес береміз. Коронавирусқа қарсы екпе салдыру өз нәтижесін беріп жатыр. Ауру жеңіл өтеді, ал іштегі шаранаға кері әсері жоқ. Вакцина жүкті әйелдерге 16 аптадан бастап қойылады. Бұл уақытта шарана жетілген, ұрықжолдасы оны түрлі вирустардан қорғап тұрады. Pfizer вакцинасын әлем елдері қолданады, сондықтан қорықпаңыздар.

Екпе салдырғаннан кейін ағзада антидене пайда болады. Бұл қорғаныш береді. Мұны біз іс жүзінде көріп отырмыз. Биылғы 2 айда 263 жүкті әйелді емдедік, соның 60-ы амбулаториялық ем қабылдады. Олар жүктілікке дейін және жүктілік барысында екпе салдырғандар. 106 әйелде пневмония болды, оларды стационарға жатқыздық. Тағы үш әйелді өкпені жасанды желдету аппаратына қостық», - дейді перинаталдық орталық директоры.

Маманның айтуынша, бүгінге дейін СҚО-да 402 жүкті әйел ғана екпе салдырған. Ал 6 мыңнан астам жас ана вакциналануы тиіс болса, соның 2,5 мыңы ғана коронавирусқа қарсы иммундалған.


Соңғы жаңалықтар