Коронавирус: ШҚО-дағы ауруханаларда 90 күнге жететін дәрі-дәрмек қоры бар
2022 жылғы 24 қаңтар 14:57

Коронавирус: ШҚО-дағы ауруханаларда 90 күнге жететін дәрі-дәрмек қоры бар

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық мекемелерде 90 күнге жететін дәрі мен жеке қорғану құралдарының қоры бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, өңірде халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салдыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша 343 екпе кабинеті ашылған. Ауылдарда жылжымалы пункттер мен мобильді кешендер ұйымдастырылды.

«Вакцинация деңгейі бойынша Шығыс Қазақстан еліміздің басқа өңірлері арасында көш бастап тұр. Медициналық мекемелерде 90 күнге жететін дәрі мен жеке қорғаныс құралдарының қоры бар. 18 компьютерлік томограф, 67 рентген және 370 өкпені желдету аппараты жұмыс істеп тұр. ПТР-тестілеуді 20 зертхана жүргізеді», - делінген ақпаратта.

Соңғы 5 жыл ішінде ауруханаларға халықаралық стандарттарға сәйкес келетін 3 мыңнан астам заманауи жабдық сатып алынған. Жедел жәрдем автокөліктерінің паркі 216 көлікке жаңартылды.

«Коронавирус пандемиясы жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері өте өзекті. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ. Осы ретте, ауылдардағы медициналық мекемелерді жабдықтау және оларды жоғары деңгейге көшіру бойынша да шаралар қабылдануда», - делінген мәліметте.


Jańalyqtar

MURAǴAT