Коронавирус: Шетелге жолдама алып қойғандар не істейді - вице-министрдің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирустың таралу қаупі төніп тұруына байланысты жолға шықпай қалғандардың билеттерін әуе компаниялары ешқандай айыппұлсыз қайтарып береді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен коронавирустық инфекция бойынша ағымдағы жағдайға арналған баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні біз әуе рейстерін тоқтатып отырған жоқпыз, қысқартып отырмыз. Мысалы, Нұр-Сұлтан - Ыстанбұл бағыты бойынша 30 рейс 6 рейске қысқарды. Бізде авиациялық әкімшілік құрылған. Ол жерде тәулік бойы байланыс нөмірлері жұмыс істейді. Жолға шықпай қалғандардың билеттерін әуе компаниялары ешқандай айыппұлсыз қайтарып береді. Ал билетті басқа күнге ауыстыру қажет болса, ол жағы да қарастырылған», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев.

Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қауіпті жағдай туралы халыққа 6 қаңтар күні ескертілгені туралы айтты.

«6 қаңтар күні коронавирусқа байланысты алғашқы баспасөз мәслихаты өткен. Одан кейін 13, 20 қаңтарда, яғни аптасына бір рет осыған қатысты брифинг өтіп отырды. Қауіпті жағдайға байланысты шетелге бару туралы жоспарды тоқтату керектігі туралы ескерткенбіз. Азаматтардың өздерінде де жауапкершілік болуы керек. Біздің кеңесімізге құлақ аспағандықтан осындай жағдайлар болып жатыр. Коронавирус жұқтыру қаупі жоғары мемлекеттерге барудан бас тарту керек», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар