Коронавирус: Сәуір айында 45 мың медицина қызметкері үстемеақы алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл сәуір айында үстемеақы алатын медициналық қызметкерлер саны 45 мыңға жетті.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, коронавируспен күрес шараларына 56 млрд теңге шамасында қаржы бөлінді. Соның ішінде 14,7 млрд теңге инфекциялық, карантиндік және провизорлық стационарда жатқан науқастарға арналған. 5,4 млрд теңге тестілерге, инфекциялық әрі провизорлық емханаларда жасалатын анализдерге бөлінді. Сонымен қатар, 36 млрд теңге дәрігерлеріміз еңбекақысына қосымша төлем беру үшін арналған», - деп тоқталды М. Шоранов онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, ел өңірлерінде эпидемиологиялық жағдай әртүрлі болды. Өңірлердегі алғашқы науқастар наурыз айының соңына қарай анықтала бастады. Сәйкесінше, наурыз айында жұмылдырылған медициналық қызметкерлер сәуір айымен салыстарғанда айтарлықтай аз болды.

«Әсіресе, бұл жағдай Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қиындау болды. Жалпы, еліміз бойынша наурыз айында 17 700 медицина қызметкері үстемеақы алды. Төлемнің жалпы сомасы 3,4 млрд теңгені құрады. Алайда, эпидемиологиялық жағдай сәуір айының басында ушыға түсті, осы орайда жұмылдырылған қызметкерлер саны да артты. Бұл тұрғыда еліміздің әр өңірінен алдын ала мәліметтер берілді. Сәуір айында үстемеақы алуға үміткер медициналық қызметкерлерлер саны 45 мың адамға жетті, яғни олардың саны наурыз айына қарағанда үш есеге жуық артты», - деді М. Шоранов.

Оның айтуынша, алдағы күндері өңірлік комиссиялар тиісті жұмыстарды аяқтап, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тізімдерді жібереді.

«Біз өз кезегімізде қаржыны әр медициналық ұйымға, негізгі жеткізушілерге бөлеміз. Ал медициналық қызметкерлердің шотына ақшаны аудару шаралары бізбен шартқа отырған медициналық ұйымдардың міндеті», - деді ол.

Осы орайда Марат Шоранов сәуір айында жұмыс істеген 45 мың адамға шамамен 14,7 млрд теңге бөлінуі мүмкін екендігін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар