Коронавирус: Сақтықта қорлық жоқ һәм тәртіпке бағынған құл болмас...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Адамзат баласына тән қасиет кенеттен басына тосын қиындықтар түскенде қатты ойланады, тығырықтан шығу жолын іздейді. Әлемдегі коронавирус басталғалы бері, жер бетіндегі бар ел, барлық медицина орталықтары бәрі көбелектей шыр айналып тажалмен күресуде.

Миллиондаған адам адам ауырып, мыңдағаны науқас қайтыс болып жатыр. Озық деген айтулы да дамыған мемлекеттердің өздері COVID-19 алдында дәрменсіздік танытуда. Небір үлкен қалаларда карантинде халықтың көбісі үйде отырды. Тағы да кейбір миллиондаған тұрғыны бар қалалар карантинге жабылыуы ықтимал. Коронавирус Қазақстанға да тез ойлануға, мәселелерді тез қабылдап шешуге мүмкіндік беруде.

«Сақтықта – қорлық жоқ!»дейді Дала жұрты. «Тәртіпке бағынған құл болмайды»дейді қазақтың ұлттық батыры Бауыржан Момышұлы.

Ақпарат пен сараптама легінен қазіргі кезде байқап отырғанымыздай - Короновирус еш шегінген жоқ, қайта күшіне еніп жаңа шабуылға көшті.

Адамзат осылай әртүрлі нәубатқа көніп кете бере ме, жоқ әлде сұрапыл дертке ем жасалып жаңа өркениетке шығар жол табады ма?

Осындайда «түбі әлемді билейтін тек ойлар» деп К.Маркс сияқты экономика гениилерінің бірі Джон Кейнс айтқандай, өз отандасымыз мемлекет және қоғам қайраткері Оразәлі Сәбден ағамыз төтенше жағдай кезінде үйде карантинде отырып көп ойланып «Қоғам дерті» деп аталатын жүз беттік кітапшаны жазып шығыпты. Бұл кітабында автор әлемнің күрт өзгерген жағдайында, ертең не боларын, не күтерін білмейтін кезде, бүгінгі біздің қоғамның дертіне шипа іздейді. Қоғамның өзгеруі қасаң тартқан сананы жаңғыртудан басталатындығын бағамдап, 30 жыл бойы қордаланған сан түрлі проблемаларды ашық көрсетіп, оларды шешу жолында өзіндік тың ойларын, жобаларын ұсынады. Академик, экономика ғылымдарының докторы Оразәлі Сәбден ағамыз космосты игеру, жасанды интеллект, жаңа өркениет, сезім-түйсік арқылы алдағы өмірді де болжап, ақыл-кеңес береді.

Өтпелі кезеңде Қазақстанның дамуына инновациялық жаңалық ретінде үлес қосатын бұл еңбек көпшілік оқырманға арналған. Бұл туралы келесі аптада автормен кең көлемді сұхбат жасамақ жоспарымыз бар.

«Үрей – дерттің жарымы, Сабыр – емнің жарымы, Төзім – сауығудың басы»дейді жерүстіндегі шипагерлік кәсіптің ұлы атасы Ибн-Сина.Жер үстін жанталасқа салған мына сұмдық індетті де адам баласы сабырлы қалыбынан жаңылмай, бір атаның баласындай тас-түйін мінез танытып, төзімділікпен қарсы алуда.

Осы туралы көрнекті ақын,қоғам қайраткері Нұрлан ОРАЗАЛИННІҢ «Тайталас» атты COVID-19 кезеңіндегі көңіл күнделіктерін,қоғам,өмір,ұрпақ тағдыры,ел болашағы,адамдардың бір бірін бағалауы,ұлттық құндылықтар,жекелеген тұлғалар туралы толғаныстарын «Ана тілі» апталығы төрт нөміріне жариялады. Бұл да қатерлі індеттен сақтану керектігі, ұлт келешегін ойлаған зиялы қауым өкілдерінің жанашырылығы. Осы көңіл күнделігінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан ОРАЗАЛИН мынандай ой – тұжырым жасайды.

«Коронавирус… Ел тағдыры… Жер тағдыры… Ұлт… Ұрпақ… Адамзат бола­шағы… дейтін ұғымдар күні-түні сананың тынышын алғалы жады дейтін қазына-сандықтың кілтін жиі бұрап, жиған-терген, көрген-түйгендерімді ақтарыстыру әдетіме айналды. Бұрын да жиі оқып, өміріміздің бары мен жоғын ­таразы­лауда, бағыт-бағдарымызды анықтауда бағ­даршам болған қазақ ойы мен рухының пайғамбары – ұлы Абайға ат басын жиі бұрамын. Оймен өркенімізді өсіріп, сөзбен Ұлы жұртымыздың мерейін үстем еткен қазақтың ондаған ғасырлық тарихына шама-шарқымның жеткенінше қиялыммен сүңгимін. Шынында да, «Жауға – ­жалынба, досқа – тарылма!» деп ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов айтпақшы, арғы дәуірлерді түгендемей-ақ, өзіміздің жыл санауымыздан бергі дәуірдің қойын-қолтығына көз жүгіртсек те жетіп артылатын, өрісімізді кеңейтіп, үлгі болатын тұлғалар мен ақиқаттар қаншама?! Міне… Біздің ел өзінің көпғасырлық ұлы ­тарихында не көрмеді дейсіз?! Бәрін көрді… Алла жазса, адамзат басына төнген ортақ қасыреттің де беті қайтар… Өмір де, қоғам да, заман да даму мен өзгерудің жаңа кеңістігіне шығар?! Жаңа адамдар жер бетінің жаңа тәртібімен ғұмыр кешіп, мына індеттен аман өтудің жолын қалай ойласа, індеттен кейін де алдан күтер әлеуметтік, экономикалық қиындықтар мен ­саяси мақсат-мұраттардың да бағыты мен бағдары қалай болатынын солай ­ойлауы заңды… Ұлт, ұрпақ үшін керек ұлы мақсаттар ылайым үзілмесін. Коронавирустан соң да өмір бар ғой!..»

Дәл қазір Covid – 19 құтырып тұр. Мұның не ауру екенін танып білмей, кейбір замандастарымыз сауатсыздығыдан сан соғып отыр. Қалай десек те бұл халық басына төнген үлкен індет. Арасында алып – қашпа қауесет, анау олай депті деген өсек – аянға сенудің аяғы қкінішке ұрындырып, сан соқтыруда. «Ол бұлай емес, бұлай екен» деген алыпқашпа әңгімеге илану, оны өзге кісілерге тарату да жазықсыз жандардың ғұмырына балта шабумен бірдей.

«Ол жақпен жүрмеңдер, сұмдық тайғақ екен» десең,
«қой ей, не саясат айтып тұрсың» деп барып жамбасын сындыратын біздің жұрт қана шығар дейтін пәлсапаның шығуы да шырылдаған шындыққа сенбейтіндердің көп болуынан.
«Ауырғандар арасында менің танысым жоқ» деген гу-гу әңгіме әуелде тым көп тарап кетті. Енді ауырғандар туралы науқастанғандардың өздерінің жазбаларын көптеп оқи бастадық. Сонда да өз басына сырқат келмей, от баспай күмәндену жұмыр басты пендеге тән қасиет пе дейміз.

Осы орайда қоғамның көзі мен тынысы, осы дерт кезінде де халыққа ақпарат таратып, өз өмірлерін қауіпке тіккен журналисттердің тікелей өз жазбаларын оқырмандарымызға ұсынуды жөн санадақ. Мұнда журналисттердің жан айқайы, көзбен көрген жәйттері айтылған.

Ерболат Кәменов

журналист

Аты өшкір әлгі індет туралы кеше әлеу­меттік желі қолданушылардың бірі, әжеп­тәуір пікірі бар замандас: «Бір министр, бір депутат шықты. Енді бір әнші шықса» депті. Соны оқып отырып, көкейде көптен жүр­ген бір секеміме әбден бекіндім: COVID қауіпті ме? Көп ит қауіпті ме? Үлкен сұрақ. Ауыз­дан ақ ит кіріп, көк ит шықпағанға не жетсін!

Керітартпалық кәдімгідей кеселге айналып кеткендей көрінеді. Ел – өзіміздікі. Жер – өзіміздікі. Абзал азаматтардың алғадай ақ ниетін мүмкіндігінше қолдап, мейлінше келесіге жолдаса, қане. Айқын нәрсенің өзіне көр-жер топырақ шашып, соркөкірек кеудемпаздану, көрсоқыр бола қалуды жиі аңдайтынымыз рас. Әйтеуір бір бітпейтін құсалық, шетінен – ғаріп. Шынында қарекеттің бәрі қате, әрекеттің бәрі әрсіз емес еді ғой. Бұл ғадет бізге қайдан жұқты?! Қайдан «жұқ­қанын» әрі оны емдеудің жолдарын кең талқы­ласуымызға болады. Ләзім. Керек-ақ...

Әлеуметтік желідегі әулекі желікті көре отырып, қаралай жаның қараяды. Білерге де, білмеске де данышпансып, маманси пікір білдіру, «жөні осы шығар-ау» деп те ойланбастан, суқараңғы таяқ сілтей салу секілді дағдылар, өкінішке қарай, тым жиі байқалады. Ненің болса да, қараңғы жағын көру – түптеп келгенде, денсаулыққа да зиян шығар, негізі. Әрине салиқалы, сыни көзбен қарауды қол­даймыз. Не болса, соған бас шұлғып, ыржалақтап ырза бола берейік демейміз. Сал­қын ақылға, салмақты сарапқа, санаткер сауатқа дауымыз жоқ. Мәселе «рухани кембағалдықта» болып тұр.

Өзің зор көріп жүрген кей азаматтар түк­ке татымайтын тақырыптарға, тақырып деу­ге тұрмайтын жайттарға бола өзара тым төмен­десіп, бет жыртысып, жік-жік болып жатса, өкінбей қайтесің. Биіктік қайда, кесектік қай­да? Ішкі мәдениет-ау, өзің қайда жүрсің? Бі­ріңе ешкімде жоқ логиканы, енді біріңе бала­масыз интуицияны не интеллектті, тағы қайсыңа сондай бір асыл қасиетті құдай «бір-біріңмен қырқысыңдар» деп бермеген шығар?! Әншейінде «қазақ, қазақ» деп зар илегенде керімбіз. Сол қазақ қазір де музей жәдігеріне айналып кетпеп еді ғой. Бәрімізді біріміз, бірі­мізді бәріміз дос көргіміз келсе, нағыз мүм­кіндік – біздің заманда. Ақиқат іздескен дұрыс. Бірақ «беті ашылған», «басының желі кеппеген» деген – қиын сөз. Сындарлы сыйласым дәрежесінен аспау, жеке бас жаққа барыспау – абыройдың абыройы. Ал әркімнің жеке абыройы табиғаттың тылсым кодына қазақ халқы өкілінің өлшемі ретінде жазылады. Оны дер кезінде ғылым зерттер – ұрпақ ұғынар. Әдетте өзіміз қолдануға әуес «ген», «менталитет» сөз, сезімдері осындайын қабылдаулардан түзіле түседі.

Сенбестік пен төзбестік – кейде егіз, кейде кереғар ұғымдар... Сөз басындағыдай тым қиғаш сенбестік кез келген саяси шешімге қатысты болып жатуы ықтимал. Көбіне-көп жөн-ақ: дүниеге сергек қарауға, байыбын аң­дауға бастауы мүмкін. Әйтпесең, саясат шір­кіннің сұңғыласы ұңғыл-шұңғылына оңай­лықпен бойлата қоя ма?! Алайда әлгіндей ала­пат індет жаһанды тұтас қусырып келе жат­қанда, «қазақ елі неге қол қусырып отыр­масқа?», «бұл – қолдан жасалған вирус» де­ген ұстанымдар шектен шығудың шегі секілді. Төтенше күй кешіп жүргенімізге үш айдың жүзінен асты. Соның өзінде табандап сенімсіздік танытқан ағайынға әріптес-ағамыздың «Диагнозымның рас екенін өліп дәлелдеуім керек пе енді?» дегендей шарасыз сұрағынан асыра не дерсің.

Жаның ашығаннан айтқың келеді. Әйтпесе оңайлықпен ашыла қоюымыз екіталай-тын. Оның үстіне біреуге ақыл айту үшін, адам баласы «өзіне көптеу алып қоймау» жағын ойланар болар. Нақты кейіпкері жоқ сөз демеңіз, көбімізге ортақ, типтік образға айналып бара жатқан соң, ортан белде бір әу деп қоюдан тартынбадық. Қазақтың «кең болсаң...», «пейіліне береді», «пейілің тарылмасын», «ақ тілек», «ақ жүрек» сынды көптеген қайран ұғымын жиі еске түсіріп отырсақ екен деген тілектестік. Асүйдің өзінде айтуға ұят әңгімеден жырақ болсақ екен.

Жарық дүниеге қалыпты жағдайда қа­дам басқан әр пендеге міндетті түрде екі шү­бе­рек тиесілі. Басқасын айтпағанда! Фәни табалдырығында – иткөйлек. Бақи табал­ды­рығында – ақ кебін, Бұқарға барсақ, «үшкүлсіз көйлек». Еш жұмырбас бұл қос қастерліні бір ме­зетте қолына ұстап көргенін біз білмейміз. Ұстап көре аларына сенбейміз. Өлшем бірлігі дегеніміз – осы: аталған екі матаның бірінен екіншісіне дейінгі жолыңыз. Біреуге уақытпен есептелер. Біреуге жеке көрсеткіштерімен есептелер. Енді біреу парасат дәрежесімен есептер. Әлдекім табаны қамтыған топырақ ауқымымен ойлар. Аңсатары – шүберектен шүберекке адамша жету. Ұлт ұстазы Ахаң, ұлы қазақ Ахмет Байтұр­сын­ұлы айтқан: «...біз ірі болуымыз керек», жігіттер!


Рахат Жақсыбай

Тележурналист

Жан-жақты көп ақпарат айтылып жатыр ғой вирус туралы. Мен өз жағдайыма қатысты ақпаратпен бөлісейін. Ең алдымен, түсінгенім, вирус адамды иммунитеті әлсіреген тұста алатын сияқты. Кондиционер астында суықтап қалу, салқын балмұздақты асап жіберу, ыстық күнде келіп, суық душ қабылдау деген сияқты. Осындайдан кейін адамдармен араласқан соң, вирус тез жұғуы мүмкін. Ауырып жатқан таныстарымның қайсысымен сөйлессем де, айтатындары осы. Өзім де сырқаттанар алдында, екі сағат кондиционер астында отырып қалған едім. Яғни, тиісті алдын алу шараларынан бөлек, иммунитетті көтеріп, түсіріп алмау жағына мән беру керек. Қазір ел босаңсып кетті, рас. Соңғы аптада бірақ тіркелгендер саны көбейіп тұр. Ауруханалар толып жатыр. Қандай симптомдар болды?
Жоғары температура. 39-дан асты алғашқы күндері. Жөтел. Бірден басталып кетті. Көздің айналасы ауырады. Әлсіздік. Әріптесім, досым Нұрсұлтан Ибрагимовте иіс сезбеу, дәм сезбеу болды. Менде ондай болған жоқ.
⠀Қалай анықталды?
Симптомдар білінген күннің ертесіне жедел жәрдем шақырдым. Алдымен, қан арқылы экспресс-тест жасады. Негатив көрсетті, яғни жоқ деді. Сосын бірден емханаға апарып, ПЦР тапсырдым. Нәтижесі тек 5 күннен кейін шықты. Осы күндері үйде емделдім.
⠀Немен емдеп жатыр?
Ауруханаға келгенде мен жақсы боп келдім. Орта дәреже деп айтты.
Цевтазидим берді, укол. Ингаляция, ауыз шаятын тұнбалар. Алувия алудан бас тарттым. Азитромицин (сумамед).
⠀Қалай жұқты?
Айту қиын. Бірақ соңғы күндері өте көп адам түсіп жатыр. Отбасылармен. Үлкендер. Жастар. Балаларымен. Топ-тобымен келіп жатыр, орын жоқ.
⠀Жұмыста бір адамнан коронавирус шықты. Енді не істеген дұрыс?
Паника жасаудың қажеті жоқ. Иммунитетіңізге мән беру керек. Дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау қажет. Алдын-ала әбігерге түсудің реті жоқ.
Бірақ бей-берекет жүре де бермеу керек сияқты қазір. Симптомсыз түрінде басқаларға жұғу ықтималдығы төмен деп жатыр. Симптом болса, бірден дәрігерге хабарласыңыз.

Тұмаудан айырмашылығы бар ма?
Тұмауда температура бірден тиісті ем-дом қабылдасаң, түседі ғой. Бұл жолы ұзақ тұрды жоғары температура. Әр адамда әртүрлі өтуде. Бір танысымда 37 градустан көтерілмепті. Бір танысымызда мүлде қызу болмаған, бірақ иіс, дәм сезбейді. Бір кісіде барлығы қатар болды. Көздің түбі ауыратыны - бір маңызды симптомның бірі.
Коронавирус қауіпті ме?
Әр адамға жасына, денсаулық күйіне, иммунитетіне байланысты әртүрлі әсер етуде. Ауыр формасы расында ауыр өтуде. Диагноз қойылғанымен, өзінің сырқатына сенбей жүргендер бар. Жеңіл формада өтіп жатса немесе мүлде сізге келмеген болса, қуаныңыз. Ауырмаған жақсы емес пе? Үлкен кісілерді абайлау керек бірақ. Қарт кісілерге оңай соғып жатқан жоқ.
Коронавирус екінші толқыны жүріп жатқан сияқты. Қазір тұмаудың да маусымы.
Ауырмаңыздар!


Гүлмәрия Барманбекова

Ардагер журналист

Баратын жеріме таксимен бардым. Бетімде маска, қолымда қолғап. Қараймын, жүргізушінің маска киетін ойы жоқ.
- Мен сізге кесірім тиіп кетпесін деп, маска киіп отырмын. Сіз неге мені ойламайсыз?
- Маска ма? Міне, маскам бар - деп, бардачогінен шығарып көрсетті ол.
- Барынан не пайда, кимесеңіз.
Жүргізуші лып еткізіп маскасын киіп ала қойды.
Қайтарда тағы таксимен қайттым. Бұл жүргізуші де маскасыз. Өзі тағы əңгімені соғып келеді.
- Көкбазарды жауып тастады, естідіңіз бе?
- Жоқ, естімедім. Неге?
- Сонда істейтін санитарлық дəрігердің бірінен коронавирус шығыпты дейді.
Алматыны түгел карантинге жауып тастамаса екен деп, ішімнен Жаратқанға жалбарындым. Бұл жолы неге маска кимейсің деп, таксистпен дауласпадым. Кимесең атамнан ары! Жыным келді! Міне əйтпесе деп, Яндекс таксидің офисіне: «Мына таксиге риза емеспін. Жұргізуші карантин ережелерін сақтамайды» деп жазып жібердім. Қызмет сапасына «2» деген баға қойдым. Енді бұл таксистке бүгін тапсырыс түспейді. Ал маған екінші қайтып оны жібермейді.
Қайтіп адам болар екенбіз-ай! Қит етсе, бəріне билікті кінəлаймыз. Жоқ, мен билік сүттен ақ, судан мөлдір дейін деп отырғам жоқ. Бірақ билік келіп сенің тұмсығыңа маска кигізіп бермейді ғой, енді! Əр адам төңерегім өртеніп жатса да, өзім аман болсам болғаны деген өзімшіл ниеттен арылмайынша, мемлекеттің ілгері басқан қадамы кейін кете берері анық. Өйткені мемлекет деген билік басындағылар ғана емес, ең əуелі мына Сіз бен Біз.
Ал, қытайвируске билік басында отырсың ба, базарда тачка сүйреп жүрсің бе, бəрібір! Əркім өзі үшін сақтануы тиіс. Əйтпесе, тажал тырнағына бүгін ілікпегенмен, ертең көкжелкеңнен бүріп тұрып, көкеңді көзіңе көрсеткенде, кеш болады.

Бейбіткүл Исаева

журналист

COVID-19 бар!
Бүкіл әлем күресіп жатқан COVID-19 індетінің бар екеніне ешқашан да шүбә келтірген емеспін. Осы ауру бізден ары жүрсе екен деп барлық сақтық шараларын ұстануға тырысып келдік. Дегенмен айналып өтпейді екен. Сайып келгенде қайын енемнен КВИ індеті анықталып, ауыр халде ауруханаға түсті. Біз үй карантиніне жабылдық. Себебі бірге тұрамыз. Ал бұл қалай болды?
Шындығында енем вирустың бар екеніне сенген де жоқ, сақтық шараларын ұстанған да жоқ. Бірден айта кетейін, жамандағаным емес, бірақ өте бір беткей, қырсық кісі. Баласын да, мені де ешқашан тыңдаған емес. Сондықтан өзі ақылдаспаса біз де көп ештеңе айтпаймыз. Келін болғасын мен мүлдем бетіне келмеймін. Өзі бұрыннан қант диабетімен ауыратын. Бұл аурудан да күтінген емес, ешқандай диета ұстамайды. Дәрігерге де барғанды ұнатпайды. Елде ТЖ жарияланып, карантинге жабылған кезде де басында үйде отырғысы келмей, дүкен аралап, далаға серуендеп жүрді. Бірақ карантин шаралары күшейтілген кезде ғана амалдың жоқтығынан үйде отырды. Ал мамыр айында ТЖ аяқталып, карантин алынған кезде біздің «үйде отырыңыз» дегенімізді тыңдамай, өзі сұранып жұмысына шықты. Негізі зейнеттегі кісі ғой. Жұмысқа шыққаннан кейін бір аптадан кейін ауырып бастады. Басында « жұмыста кондиционердің астында отырған едім, сосын мұздай су ішкем, бронхым ұстап қалды» деп жүрді. Арада төрт-бес күн өткенде жөтелі күшейе бастады. Сонда да жұмысына барып жүрді. Жөтелі күшейген кезде дәрігерге барыңыз« дегенімізге көнбеді. Ештеңе етпейді деп. Сөйтіп үйде өзі жөтелдің дәрілерін ішіп, емделіп жүрді. Бірақ жасаған емінен жөтел тоқтаған жоқ, керісінше енді үздіксіз жөтеліп, ентігу, әлсіздік, белгілері пайда бола бастады. «Сай сүйегім сырқырап, көкірегім ауырады« деп шағымданды сосын. Менің «мама қазір вирус жүріп жатқан кезең, Құдай сақтасын ғой, бірақ ертең вирус сізден анықталса, жұмысыңызға да бізге де жақсы болмайды, дәрігер шақырайық' дегеніме көнбеді. «Мен ауру емеспін, дәрігерге де бармаймын, шақырма ешкімді' деп шорт кесті. Жұмыстан келеді де бөлмесіне кіріп жатып қалады. Тамақ та ішпейді. Сөйтіп жүргенде бір апта уақыт өтіп кетіпті. Дүйсенбі күні әдетінше жұмысына кетті, ауырып тұрса да. Бірақ түсте қайтып келді «дәрігерге барам қазір« деп. Өзі зорға жүр, бірақ біздің қандай да бір жәрдем бергенімізді қаламайды. Сөйтіп дәрігерге де өзі кетті. Барған учаскелік дәрігер жас жігіт екен, температурасын өлшегенде 36.6 көрсеткен. 'Ештеңе жоқ ертең таңертең зәрге және қанға анализ тапсырып, жұмысыңызға бара беріңіз» деп шығарып салған. Әйтпесе мамамыздың жағдайы, ауру белгілері соқырға таяқ ұстатқандай көзге көрініп тұр ғой, сонда да жұмысқа бара беріңіз депті. Иә бір дәрі жазып берсе де мейлі ғой, ол да жоқ. Дәрігерге барып келген соң төсегіне келіп жатқаннан ертесіне дейін тұрған жоқ. Бұл кезде ауру әбден меңдеп алған. Менің ішім сезсе де ештеңе істей алмаймын. Ертеңіне дәрігердің айтқан анализін тапсырып, жұмысына тағы кетті. Дәл сол күні жұмыс орнында бәрі КВИ-ға тест тапсырып жатқан екен, мамамыз да тапсырыпты. Ауырып тұрғанын байқаған медсестра температурасын өлшесе 38.7-ні көрсетіпті. Содан мамамызды бірден үйге қайтарған. Үйге келген бойда жедел жәрдем шақырдық. Жедел жәрдем дәрігері де жас жігіт екен, ол да мамамыздың жағдайын көріп тұрып, ауруханаға алып кетуге асықпады. Керісінше «өзіңіз қант диабетімен ауырады екенсіз, бронхитіңіз ұстап қалған екен, үйден емделе берсеңізші. Қайтесіз ауруханаға барып, қазір инфекционныйда ауырып жатқан адам көп, үйде тамағыңызды шайқап, цефазалин немесе цефтраксион уколын салғызып, емделіңіз. Парацетамолды үш сағат сайын ішіңіз. Сосын учаскелік дәрігеріңізді неге шақырмағансыз. Учаскелік дәрігерге барыңыз» деді де кетті. Мамамыздың «дәрігерге баруға шамам жоқ» дегеніне де құлақ аспады. Парацетамол ішкеннен еш көмек болмады. Температура бір түсіп, бір көтеріліп ойнап тұрып алады. Күйеуім екі мезгіл цефазалин салады одан да жақсы болған жоқ. Орнынан тұра алмай қалды. Тұрса да қабырғаға сүйеніп зорға тұрады. Учаскелік дәрігерді шақырып үйге келтіре алмадық. « Менің қолым бос емес, қашан босаймын сол кезде барамын немесе өздеріңіз алып келіңіздер' деді. Амал жоқ, жүре алмай, зорға жатқан кісіні дәрігерге өзіміз алып бардық. Алып барғанда дәрігеріміз тек жөтелдің екі таблеткасын жазып берген де бюллетень ашып, шығарып салған. Болды. Ол жөтелдің дәрілерінен де көмек шамалы екенін біліп тұрмын. Сол күні түн жарымында есіктің коңырауы шырылдады. Ашсақ барынша тұмшаланған жедел жәрдем қызметкерлері тұр. Күтпеген жағдай, себебі біз шақырған жоқпыз. Сөйтсек, енемнің жұмыс орнында тапсырған тест қорытындысы оң нәтиже беріпті. Солай түн жарымында мамамызды алды да кетті. Бізге баруға болмайды екен. Үйде қалдық. Ертесіне өзімізден де тест алды, үйді СЭС қызметкерлері келіп, залалсыздандыру жұмыстарын жасап кетті. Мамамызға хабарласа алмаймыз. Бірақ ауруханадан енемнің өкпесінің 80 пайызы вируспен зақымданғанын, сондықтан жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылғанын айтып дәрігер хабарласты. Жағдайы өте ауыр!
Амал жоқ, «не болса да басқа салғанын көрерміз, бастысы мамамыз сауығып шықсын! «деп тіледік. Күйеуім екеуміз енемнен ауру белгілерін көріп, күдіктене бастағанда-ақ үйдің ішінде бетперде киіп, антисептикті пайдаланып жүргенбіз. Соның пайдасы болар екеумізде де вирус анықталмады, тест теріс нәтиже берді. Біз үйде қамалдық, поликлиника карантинге жабылды. Жұмыс орны қашықтықтан жұмыс істеуге көшті.
Қайын енемнің жағдайына келсек, Құдайға шүкір, тәуір болып қалды. Он бір күн жан сақтау бөлімінде жатып, палатаға ауысқанына бір аптадан асты. Ел Президентінің бұйрығымен жақында ғана салынған инфекциялық ауруханада жатыр. Барлық ем-дом шаралары хаттамаға сәйкес жүргізіліп, білікті дәрігерлер мамамызды ажал аузынан сақтап қалу үшін барын салды. Біз үйде отырсақ та күнделікті жағдайынан хабардар болып отырдық. Қазір өзімен телефон арқылы сөйлесіп отырмыз. Жан сақтау бөлімінен шыққаннан кейін мамамыздың дауысын танымай қалдым. Мүлде бөтен адамның дауысы, шынымды айтсам шошып кеттім. Сосын қант диабетімен ауыратындықтан бір аяғы жансызданып қалыпты. «Дауысы қалпына келеді« дейді дәрігері. Ал аяғын ,диета ұстанбаса кесуге алып келеді» деп ашық айтты. Бастысы анамыз қауіптен аман қалды соған қуанамыз. Енді бір аз күнде үйге шығаруы мүмкін. Бірақ бұл толық айықты деген сөз емес. Ауруханада науқастарға орын тапшы. Осы дертпен ауырып, ауруханаға түсіп жатқандар саны өте көп. Ал үйге келгесін бізге тағы да қауіп туындайды, соған қарамастан мамамыздың денсаулығының түзеліп кетуі үшін қолымыздан келгенді жасаймыз. Ал Сіздер вирус, жоқ, бұл саясат деген әңгімелерді жиып тастап, денсаулықтарыңызды күтіңіздер! Сақтық шараларын барынша ұстаныңыздар! Абай болыңыздар! Бұл медицина саласындағы көрінбейтін соғыс!

Ауыт МҰҚИБЕК

Ақын, журналист

Жалпы ел бойынша коронавируспен ауырғандар саны он бес мыңнан асты. Жетпіс адам қайтыс болыпты. Қалай да өте қорқынышты көрсеткіш бұл!
Жұрт сол бауырларымызға Алла шипасын беріп, тез сауығып кетсін деп тілеп жатыр. Түгелге жуығының аты-жөні белгісіз, олардың кімдер екенін де танымаймыз ғой. Тану мүмкін де, шарт та емес. Бірақ, бәрі біздің отандасымыз, жерлесіміз, туысымыз... Бар білгеніміз -- Бекболат Тілеухан ағамыз бен Берік Уәли ініміз ғана. Екеуі де ел көзінде жарқырап жүрген, жұртқа сыйлы кісілер. Соңғы кезде біз сол жұқпалы дерт туралы түрлі-түрлі қауесет таратып, тым салғыртсып, еркінсіп кеттік. Тіпті, «Мұндай ауыру жоқ, бұл--саясат...» деген сыңайдағы сөздер шыға бастады. Міне, арыстандай екі азаматтың вирус жұқтырып алғаны ашық болды. Екеуі де ауырғандарын БАҚ-қа ашық жариялады. Өз басым естіп, қатты шошып кеттім. Тіпті, жетімсіреп қалғандай күй кешіп, құлазып жүрмін. Әрине, менің жаным өзіме тәтті болғанымен, олардан артық емес қой. Мәдениеті жоғары, жұртқа сақтық шараларын берік ұстану туралы үнемі айтып жүрген азаматтарды айналып өтпеген бұл бәле, аңғал-саңғал, емін-еркін жүрген басқа қарапайым елді қалай аясын... Сақ болайық, сақтану тәртібін сақтайық, ағайын!
Осы екі азамат бастаған барлық аурған бауырларымызға Алладан тағы да үзбей тілек тілейік, тез айығып кетсін. Екеуі де елім, жұртым деген жігіттер. Қазағың қайсы десе, мынау деп мақтанышпен көрсететін азаматтар. Ұлттың рухын оятқан тұлғалар! Мұндай сәтте артық-ауыс әңгімені, мыш-пыш сөзді пышақпен кескендей доғарған дұрыс. Мен екеуін де жақсы көрем. Біреуі туған ағамдай, біреуі бірге туған інімдей жандар. Керек десе, аянар ештеңем жоқ олардан. Жаратқан Иеме, сүйікті дәрігерлерге тапсырдым. Қолымнан келері - осы! Аман болсын! Бәріміз де аман болайық, ағайын!

Кәрібай Мұсырман

Мәжіліс депутаты, журналист

Елге белгілі қайраткерлердің ішінен де коронавирус жұқтырғандар шығып жатыр. Бұл жайлы ақпарат қолданыстағы заңнамамен қорғалатын медициналық құпия болғандықтан, олардың бәрін емес, тек өз еркімен жұртқа жариялағандарын ғана білеміз. Өздерінің қауіпті кеселге ұшырағанын әлеуметтік желілер арқылы мәлімдеген тұлғалардың да «жауырды жаба тоқып» жата берулеріне болар еді, бірақ олар осы індетке сенбейтін ағайындардың көзін жеткізіп, сақтандыруды жөн көргендіктері анық. Сондықтан оларды сырттарынан орынсыз сынап-мінемей, табаламай, шындықты айтып, жұртқа жанашырлық танытқандары үшін ризашылық білдіргеніміз абзал. Ауруын жасырмаған ардақты азаматтарға Алла Тағаладан амандық тілейік!



Соңғы жаңалықтар