Коронавирус пен тұмау: қалай қауіптің алдын алуға болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бүгіннен бастап вакцинация жұмыстары басталды. Қаладағы қауіп тобына жататын азаматтарға тегін екпе жасау үшін әкімдік 130 мың вакцина алып қойған. Эпидемиологтардың болжамына сәйкес, тұмау маусымында коронавирус инфекциясының да кең таралуы ықтимал. Жай тұмау деп қамсыз жүріп қалмау үшін не білу керек? Қандай қорғаныс шаралары тиімді болады? Осы сауалдарға Қалалық №11 емхананың дәрігер эпидемиологы Қамар Қайратбек жауап берді.

- Алматыда тұмау маусымы қашан басталады? Қала тұрғындарына бұл инфекциядан қалай қорғануға болады?

- Тұмау маусымы қазанның 30-нан кейін басталады. Вирустық аурулардан қорғанудың басты құралы – екпе. Екіншіден, қолыңызды үнемі жууыңыз керек. Қолдың тазалығы көптеген инфекциялардың, соның ішінде тұмаудың алдын алуға көмектеседі. Қолдың гигиенасын сақтау сіздің денсаулығыңызды және отбасы мүшелеріңізді қорғаудың қарапайым тәсілі. Қолыңызды үнемі таза, ағын сумен және сабынмен жуыңыз және бір реттік қағаз сүлгімен мұқият құрғатыңыз. Егер сабын мен су қолыңызда болмаса, алкогольге негізделген қолмен тазартқышты қолдануға болады. Есіңізде болсын: қолды дұрыс жуу кем дегенде 15-20 секундты алады. Үшіншіден, көзге, мұрынға және ауызға тигізбеуге тырысыңыз. Көз, мұрын және ауыз - тұмау вирусының ағзаға енуінің ең ықтимал жолдары. Біз қаласақ та, қаламасақ та тыныс алатын ауада тұмау қоздырғыштарының болатыны заңды. Бірақ қолымызды бетке тигізбеу арқылы ауру қаупін азайта аламыз. Егер тіпті қажет болса, көзді, мұрынды немесе ауызды сабынмен жуғаннан кейін таза шүберекпен немесе қолмен ұстаңыз.

- Қауіп тобына жататын балаларға, егде кісілерге сақтық шаралары қандай болмақ?

- Ауру адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болу керек. Тұмау - жұқпалы ауру. Ол қоғамдық көліктер, білім беру мекемелері, қарттар үйі, көпшілік іс-шаралар сияқты адамдар көп жиналатын жерлерде оңай таралады. Тұмаумен ауыратын адам түшкіргенде немесе жөтелгенде вирусы бар микроскопиялық бөлшектер бір метрге дейін ұшып кетеді де, маңындағы ауаны жұтқандарға жұқтырады. Егер сіз өзіңізді нашар сезінсеңіз, үйде отырыңыз. Егер сіз тұмаумен ауырсаңыз, айналаңыздағылардың денсаулығына зиян тигізесіз. Қарттар мен егде кісілерден бөлек қатерлі ісік, жүрек ауруы немесе АҚТҚ сияқты созылмалы аурулары бар адамдарға ерекше қауіп төнеді. Өзгелермен қарым-қатынастан аулақ болу туралы уақтылы шешім қабылдау тұмау вирусының одан әрі таралуына жол бермейді және біреудің өмірін сақтап қалуы да мүмкін.

Халық коронавирустың қаупінен соң екпенің маңыздылығын түсіне бастады.

- Дегенмен, әлі де екпе алуға қарсы азаматтар жетерлік. Бұл – әлеуметтік жауапкершілік екенін ұғынатын уақыт жеткен сияқты.

- Дұрыс айтасыз. Тұмауға қарсы екпе аурудың пайда болу қаупін азайтады, аурудың дамуын әлсіретеді, инфекцияның асқынуына қарсы сенімді тосқауылға айналады және өлім санын азайтады. Жыл сайын тұмауға қарсы вакцина алу бұл өзіңізді осы аурудан және ықтимал ауыр асқынулардан қорғаудың ең тиімді әдісі болып табылады. Жүкті әйелдерге вакцина алу өте маңызды, сондай-ақ тұмауға қарсы вакцинация 6 айдан 5 жасқа дейінгі балаларға, қарт адамдарға, созылмалы аурулары бар жандарға және денсаулық сақтау қызметкерлеріне қажет. Вакцинациядан кейін ыңғайсыздық немесе дене температурасының шамалы жоғарылауы мүлдем қалыпты және әдетте 1 - 2 күнде өтеді.

- Коронавирус пен тұмауды қалай ажыратуға болады? Ауырған науқастар жай ғана тұмау екен деп қамсыз жүріп қалмас үшін қандай белгілерге баса назар аудару керек?

- Коронавирус пен тұмаудың белгілері ұқсас болып келеді. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, коронавирусқа дене қызуының жоғарылауы мен құрғақ жөтел тән. Кейде шаршау, буын ауруы, тамақ ауруы, бас ауруы, ентігу байқалады. Конъюнктивит ешқашан пайда болмайды, бұл аллергияға тән. Коронавирустың тағы бір ерекшелігі - мұрын бітелмегенде иістің жоғалуы – аносмия.


- Жұртшылық арасында «коронавирустың бірінші, екінші толқыны жақында болады» деген болжамдар таралған сайын бұл вирустың қолдан жасалғанына сенімділердің саны артуда. Эпидемиологиялық болжамды «бал ашушының» сандырағына балайтындар да бар.

- Ия дұрыс айтасыз, бұл ешқандай балшының сәуегейлігі емес. Эпидемиологиялық болжам дегеніміз ол ғалымдардың көп уақыттық зерттеу, ізденіс жұмыстарының қорытындысы болып есептеледі. Ғалымдар белгілі бір вирустық инфекцияның таралуын көптеген параметрлер бойынша болжайды. Оған жан-жақты талдау, анализ жүргізіледі. Вирусологтар бірнеше ай бұрын коронавирустық пандемияның екінші толқынын болжады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) тіпті SARS-CoV-2 вирусы эндемиялық сипатқа ие болып, ешқашан жойылмайтынын мойындайды. Сондықтан, SARS-CoV-2 таралуына байланысты енгізілген шектеуші шаралар туралы немқұрайдылық танытатын адамдар көп болса, соғұрлым екінші толқынның алдын алу қиын болады. Таяу уақытта коронавирустың жаңа толқыны бүкіл Еуропаны қамтуы мүмкін. Соңғы апталар мен айлардан бастап көптеген елдер карантиндік шараларды жеңілдетті. Мұны бірінші болып Германия, Испания және Грекия жасады. Адамдар гигиенаға тиісті назар аударуды тоқтатты. Бүкіл әлемде адамдардың көбірек саяхаттай бастауы инфекция санының көбеюінің тағы бір себебі болып отыр. Демалушылар әдетте адамдар көп болатын жерлерде уақыт өткізеді, пандемия қаупін бағаламайды.

- Коронавирустың екінші, үшінші толқыны дегенді қалай түсінуге болады?

- Әлемде екінші толқын деп нені атауға болатындығы туралы бірыңғай пікір жоқ. ДДСҰ-да түсіндірілгендей, бұл анықтама инфекциялар санының бастапқы төмендеуінен кейін пайда болатын барлық жаңа ошақтарға қолданылады.

- Әңгімеңізге рахмет.


Соңғы жаңалықтар