Коронавирус: Өңірлерде анықталған жаңа оқиғалар туралы мәлімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қызылорда, Маңғыстау және Қарағанды, Павлодар облыстарында анықталған коронавирус індетінің жаңа жағдайлары туралы айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

16 сәуір, сағат 10.10-дағы жағдай бойынша, Қазақстанда індетке шалдыққандар саны 1331-ге жетті. Оның ішінде Қызылорда облысында – 4, Маңғыстау облысында – 1, және Қарағанды облысында - 2, Павлодар облысында 2 жағдай тіркелді.

Қызылорда облысында 4 науқастың барлығы өңір орталығында анықталды.

«Ауру жұқтырғандардың екеуі 40 жастан асқан әйел адамдар, қалған екеуі 24 және 54 жастағы ер адамдар. Олардың барлығы коронавирусқа шалдыққан адамдармен байланыста болған. Сынамалар алынып, ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы расталды. Қазіргі таңда науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталуда. Олар дер кезінде медициналық бақылауға алынып, оқшауланып, тексерістен өтіп жатыр», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабының ақпаратында.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қызылорда облысында індетке шалдыққандардың жалпы саны 131-ге жетті. 4 адам жазылып шықты, 127-сі ем-дом қабылдауда.

Маңғыстау облысында COVID-19 Жаңаөзен қаласының 18 жастағы тұрғынынан анықталды.

«Ол коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылған болатын. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланды. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде. Онымен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде», - делінген ақпаратта.

Соңғы деректер бойынша, Маңғыстау облысында инфекция барлығы 12 адамнан анықталды. Оның ішінде 1-еуі жазылып шықты.

Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын тағы 2 адам жұқтырғаны белгілі болды. 47 жастағы әйел және 10 жасар бала Теміртау қаласының тұрғындары. Бұған дейін науқас адаммен жақын байланыста болған.

Павлодар облысында індет 24 және 62 жастағы Павлодар тұрғындарынан анықталды. «Олар коронавирус инфекциясы расталған пациентпен байланыста болған адамдар ретінде карантиндік стационарға бұған дейін жатқызылған еді. Екі пациент де Мельцер боксына ауыстырылды. Байланыстағы адамдардың шеңбері анықталады, оларды оқшаулау бойынша жұмыстар жүргізіледі. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда», - делінген coronavirus2020.kz-Telegram-ында.


Соңғы жаңалықтар