Коронавирус: Науқастар ауруханаға көп жатқызылған өңірлер аталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда инфекциялық төсек-орындар ең көп науқас жатқан өңірлер аталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ДСМ стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының бас сарапшысы Бауыржан Сатыбалдының айтуынша, ведомство инфекциялық, реанимациялық төсек-орынның қамтылуына және КВИ ауыр және өте ауыр науқастар жағдайына мониторинг жүргізеді.

«Қазіргі уақытта 317 медициналық нысанда барлығы 34 499 инфекциялық төсек-орын бар. Республика бойынша оның 43%-ында науқастар жатыр. ҚР бойынша инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсектер саны – 3074, оның 35%-ына науқастар бар. Әсіресе Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында инфекциялық төсек-орында көп науқас байқалады. Жансақтау бөліміндегі төсек-орын бойынша – Нұр-Сұлтан, Шымкент, БҚО, Маңғыстау облыстарында науқас көп», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Маманның айтуынша, биылғы шілде айымен салыстырғанда медициналық ұйымдар саны 296-дан 317-ге дейін артқан.

«Эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда КВИ емдеу үшін ел бойынша қосымша 60 мыңға дейін инфекциялық төсек және 6 мыңға дейін реанимациялық төсек дайын», - дейді Б. Сатыбалды.


Соңғы жаңалықтар