Коронавирус: Маңғыстауда инфекциялық стационарларда 50 науқас жатыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстауда 15 қазан күнгі жағдай бойынша 50 адам коронавирус инфекциясымен ауырып, карантиндік стационарда жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық коммуникция орталығына сілтеме жасап.

Ауруханаға түскен науқастың 44-і коронавирустық пневмонияға шалдыққан. Қалған 6 науқастың коронавирусқа тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен.

«Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде 4 науқас жатыр. Оның 2-нің жағдайы ауыр, тағы 2 науқас өте ауыр хәлде деп бағалануда. Бұл бөлімге түскендердің нашарлауына жедел тыныс жетіспеушілігі және ілеспе аурулардың болуы себеп», - делінген хабарламада.

Бүгінде аймақтың оқшаулау орындарындағы төсек-орын жүктемесі 23 пайызды құрайды. Облыс көлемінде 215 инфекциялық І-ІІ сатылы төсек орын бар. Сондай-ақ, реанимациялық төсек саны 43. Анықтамасыз шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтарына арналған карантиндік стационарларда барлығы 270 төсек орын бар.

Ал, бұған дейін облыстың бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев Маңғыстау облысында коронавирусқа шалдыққандар саны артатын болса, карантин талаптары күшейтілетінін мәлім еткен еді.



Соңғы жаңалықтар