Коронавирус: Маңғыстау облысында 215 медицина қызметкері екпе алды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысында осы күнге дейін 215 медицина қызметкері коронавирусқа қарсы вакциналанды. Бұл туралы облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, вакцинадан кейінгі асқынулар мен реакциялар тіркелген жоқ. Вакцинация жасалған азаматтар медициналық бақылауда болады.

«3 ақпан күні №2 қалалық емханада «Спутник – V» вакцинасымен егу басталды. Арнайы есепке алу мақсатында екпе алған адамның электрондық паспорты әзірленеді. Вакцинацияға қатысты мәліметтің барлығы министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде сақталады», - деді Ғазиз Надуев.

Маңғыстауда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 70 жағдайы тіркелді. Оның ішінде оффлайн оқитындар – 31, онлайн форматта білім алатындар – 39.

Департамент басшысының сөзінше, оқушылар арасындағы коронавирус инфекциясының 39 жағдайы Ақтау қаласында, 12-сі Түпқараған ауданында, 18-і Мұнайлы ауданында және 1-еуі Бейнеу ауданында анықталған.

«Мұнайлы ауданы бойынша дәстүрлі форматта білім алып жатқан 10 оқушыдан коронавирус 23-28 қаңтар аралығында анықталған болатын. Бұл мектептер қазір карантин режиміне ауысты», - деді Ғазиз Надуев.

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 27 наурызынан 2021 жылдың 17 ақпанына дейін аталмыш инфекцияның 4170 жағдайы тіркелді. Оның ішінде шағыммен – 1471 (35%), шағымсыз – 2699 (65%) жағдай. Ауру деңгейінің көрсеткіші – 565,9. Соңғы репродуктивті көрсеткіш – 0,8. Төсек корының көрсеткіші – 20%.

«Эпидемиологиялық талдау қорытындысы бойынша инфекцияға шалдыққандардың 50% астамы КВИ індетін жұқтырғандармен тығыз қарым-қатынаста болған. Контингент кестесіне сәйкес, науқастардың басым бөлігі – жұмыссыздар мен зейнеткерлер. Бұл әлі де біздің халықтың түрлі жиындарға, той-садақаларға, отбасылық мерекелік шараларға баруынан туындап отыр», - деді Ғазиз Надуев.

Өңірде коронавирус инфекциясын ПТР тәсілмен анықтайтын мемлекеттік және жекеменшік 7 зертхана бар. Оның 1-еуі Ұлттық сараптама орталығы, 5-еуі жекеменшік зертхана (Олимп, Чакур, Инвиво, Эталон, Алатау Клиник) және тағы бір зертхана Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында орналасқан. Аталған лабораторияларда барлығы 260168 адам тексерілді. Орта есеппен тәулігіне 705 адам ПТР-зерттеуден өтеді. Қазір ұлттық сараптама орталығында 29246 тест сынамасы бар.

Облыста 1 қантардан бастап 24 мониторингілік топ құрылды. 1 қаңтар мен 17 ақпан аралығында 248 рейд жүргізіліп, 2949 нысан тексерілді. Рейд барысында 11 нысанда бұзушылықтар анықталып, 9 (6 жеке кәсіпкер, 3 жеке тұлға) әкімшілік хаттама (2 млн. 143995 тг.) толтырылды.


Соңғы жаңалықтар