Коронавирус: Қызылорда облысында 520 адам вакцина салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ақпан айының басынан бері 520 адам вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олардың арасында медицина қызметкерлері, екпе салдыруға ниет білдірген тұрғындар бар. Алғашқы аптада 460 адам екпе салдырса, 8 ақпанда аталған адамдардың қатарын тағы 60 адам толықтырды.

«Қазір әлемді дүрбелеңге салған қатерлі індетті қалай тоқтатуға болады? Бұл орайда вакцинаның орасан зор пайдасы бар екенін білемін. Мен екпе алуға шешім қабылдап, дәрігерлер қадағалауынан өттім. Жауапты мамандар қан қысымымды тексерді. Қандағы оттегі құрамын бақылады. Ешқандай қарсы көрсеткіш байқалған жоқ. Осыдан кейін маған «Спутник V» вакцинасы салынды. Алғашқы күні кешке қарай сәл әлсіздік байқалды. Көп ұзамай ол байқалмай кетті. Уақыт өте келе барлығы өз қалпына түсті. Қазіргі көңіл-күйім ерекше. Сондықтан барлық қазақстандықтарды вакцина алуға шақырамын», - деді облыстық перинаталды орталығының бас дәрігері Олег Ким.


Естеріңізге сала кетелік, өңірге «Спутник V» ресейлік вакцинасының 1000 дозасы жеткізілді. Қалғаны кезең-кезеңімен келетін болады. Бұл жұмыстарға қазір №1, №3 және №6 қалалық емханаларда 3 егу кабинеті дайындалған. Екпе жұмыстарын жүргізуге облыс бойынша барлығы 133 мейірбике, 89 дублер тартылған.


Соңғы жаңалықтар