Коронавирус күдігіне іліккен 33 пациент әлі бақылауда - Елжан Біртанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус күдігіне іліккен 33 пациент әлі де дәрігерлердің бақылауында. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус күдігімен аруханаға жатқызылған пациенттер ем алып жатыр. Оларға тестілеу жүргізілді, коронавирус табылған жоқ. Дегенмен, оларда өткір респираторлық инфекция, тұмау болғандықтан ем алуын жалғастырып жатыр, бақылауымызда», - деді министр

Елжан Біртанов бүгін таңертеңгі мәліметке сәйкес ауруханада 33 науқас ем алып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол шетелден, тіпті Қытайдан келген адамдардың барлығын бірдей коронавирусқа зертханалық тестілеуден өткізудің еш қажеттілігі жоқ екенін баса айтты.

«Аталған зерттеу адамда ауру белгісі болса ғана жүргізіледі. Мұндай дене қызуы, жөтелу сынды белгілердің 99 пайызында ол кәдімгі тұмау болып шығады. Қазір бүкіл 18 млн адамды коронавирусқа тексеріп шығудың ет қажеттілігі болмай тұр. Оның мәні де жоқ», - деді ол.

Сонымен қатар министр бұл вирус төңірегінде негізсіз дүрбелең тудырмау қажеттігін ескертті.

«Кейбір адамдар «мен тексеріліп, көңілімді тыныштандырғым келеді» деген ұстаныммен дүрбелең жасайды. Әрине, тексерілуге болады. Бірақ, оның еш мәні жоқ. Бұл үшін оның алғашқы белгілері болуы тиіс. Анализ жасау өте қымбат. Бұл тестіні қазір ғана әзірледік және оң нәтиже көрсетіп отыр. Біз оны көбейтеміз және бұл коронавирус күдігіне іліккен пациенттер жедел тексеруден өтеді дегенді білдіреді»,- деді Елжан Біртанов.


Соңғы жаңалықтар