Коронавирус: Компьютерлік томографиядан қай кезде өту керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Індеттің бастапқы кезеңінде өкпенің қабынуы қай деңгейде болады? Коронавирустан кейін өкпені қалпына келтіру жұмыстары қалай жүреді? Бұл сұрақтарға пульмонолог дәрігер Константин Гаркалов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясы бірнеше кезеңде болады. Біріншісі – инкубациялық кезең, онда вирус адам ағзасына түскенімен, клиникалық симптомдар көрінбейді. Екіншісі – ЖРВИ-ге ұқсас кезең, осы уақытта дене қызуы көтеріліп, тершеңдік пен ұйқышылдық байқалады. Үшіншісі – өкпенің қабынуы, яғни осы кезеңде өкпе тіндеріне зақым келіп, тромбоваскулит болады. Бірінші кезеңде өкпеге зақым келмейді, сондықтан алғашқы үш-бес күнде компьютерлік томографиядан өткенімен, өкпеде ештеңе көрінбеуі мүмкін», - деді дәрігер.

Оның айтуынша, өкпедегі белгілер инфекция жұққаннан кейінгі жетінші-сегізінші күнде байқалады. Жетінші күнде компьютерлік томографиядан өкпенің зақымдануын тек 7-8 пайыз деңгейінде көруге болады, ал 14-ші күнге қарай өкпе 50 пайызға дейін зақымдануы мүмкін.

«Компьютерлік томографияны жөтел мен ентігу пайда болғанда жасау керек. Өкпенің зақымдануы көрсеткіші науқас жағдайының ауырлығын көрсетпейді, себебі індетпен қатар тромбоваскулит жүреді. Бұл тұрғыда қан қоюланып, тромбтар пайда болады. Осы көрсеткіштерге адамның денсаулық жағдай тікелей байланысты. Кейбір науқастарда өкпесі 60-70 пайызға зақымданғанымен, оттек сатурациясы жақсы деңгейде көрінеді. Сонымен қатар өкпе тіні 30 пайызға зақымданған кейбір адамдарда өттек сатурациясы 85-ке дейін төмендеген жағдайлар кездесті. Өйткені тамырларда қанның айналымы баяулап, кері әсері болады», - деді Константин Гаркалов.

Дәрігер коронавирустан емделгеннен кейін өкпені қалпына келтіруге қатысты кеңес берді.

«Стационардан шыққаннан кейін тыныс алу гимнастикасын жасау маңызды. Осы орайда түрлі жаттығулар бар, оны күніне 3-4 рет жасау керек. Коронавирустан емделгеннен кейін ағзаға салқын тигізбеу қажет, сондай-ақ басқа инфекцияларды жұқтырудан сақтану керек», - деді К. Гаркалов.


Соңғы жаңалықтар