Коронавирус: Қазақстандық вакцинаның клиникалық сынағы жіті бақылауда – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев қазақстандық вакцинаның клиникалық сынақ нәтижелері жіті бақылауда тұрғанын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Таяуда ғана елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Бұл процесс халықты иммундауды жақтаушылар мен оған қарсылық танытушылардың арасындағы талас-тартыспен өтіп жатыр. Өкінішке орай, ұтымды дәлелдермен қатар дауласушылар жиі кемсітушілікке жол беріп жатады. Мен вакцинацияны жақтаймын. Екпе жасатамын ба? Иә, сөзсіз. Кезегім келген сәтте-ақ мұны жария түрде жасауға дайынмын», - деді ол.

Дәурен Абаевтың қазақстандық вакцинаның клиникалық сынақ нәтижелері жіті бақылауда тұрғандығын атап өтті.

«Қазір үшінші кезеңі өтіп жатыр. Тиімділігі жоғары. Күрделі жанама әсерлері тіркелген жоқ. Біздің вакцинаға инактивтелген, яғни өлген вирус негіз болған. Ол ағзамызды қорғайтын антиденелердің түзілуіне септігін тигізеді. Әзірлеуші – Биологиялық қаупсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты барлық құжатты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына береді. Бұған қоса, біз ешқайда да асығып отырғанымыз жоқ. Барлығы тыңғылықты тексеріледі. Бұл істе асығыстыққа жол беруге болмайды», - деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар ол әлемдегі оқиғалар отандық вакцинаға басымдық беру стратегиялық дұрыс шешім болғандығын көрсеткенін атап өтті.

«Себебі қарапайым – бұл вакцинаның жетіспеушілігі. Бүгінде батыс елдері олардың экспортына шектеу енгізіп жатыр. Әлем өзгеруде. Әркім өзі үшін. Ондаған ел жаһандық иммундаудан тысқары қалу қаупінде тұр. Бұл нені білдіреді? Ең алдымен, оларға коронадағдарысты еңсеру үшін уақыт біршама ұзағырақ қажет болады. Ал олардың азаматтары жер шарының көптеген бұрышында ұнамсыз қонаққа айналады. Президент айтқандай, Қазақстанда вакцинация мүлдем тегін. Әрине, бірінші кезекте дәрігерлер, инфекциялық ауруханалардың қызметкерлері, коронавируспен күрестің алғы шебінде жүргендер екпе алады», - деді Дәурен Абаев.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары вакцинация төңірегіндегі дау-дамайға қатысты да пікірін білдіріп өтті.

«Мына бір маңызды тұсын атап өткім келеді: Мемлекет вакцинациялауға ешкімді мәжбүрлемейді. Тек ерікті түрде екпе жасалады. Елімізде шүбәмен қараушылардың да бар екендігін білеміз. Бірақ, мұндай шүбәланушылардың арасында танымал пікірлердің болғанына қарамастан маргиналды теорияны ұстанушылар тым аз. Әлеуметтік өлшем жекелеген азаматтардың вакцинаның жедел арадағы өндірісіне байланысты оның жанама әсерлерінен қорқатындығын көрсетіп отыр. Түптеп келгенде бұл адамдар вакцинацияға қарсы емес, оларға тек қосымша кепіл ғана қажет. Сондықтан да қазіргі уақытта барлық өңірде жауапты мемлекеттік қызметшілер екпе алып жатыр. Және де мұны жария түрде жасауда. Бұл «хайп» қуу, ұпай жинау, атын шығаруға деген ұмтылыс емес. Бұл толықтай сенім ахуалын қалыптастыруға қарай жасалған қадам», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар