Коронавирус: Қазақстанда волонтерлер тегін психологиялық көмек көрсетіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда коронавирус пандемиясы кезінде Психологиялық көмек волонтерлер одағы тұрғындарға тегін психологиялық көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Волонтерлер одағы өкілдерінің айтуынша, тұрғындарға қызметті психология саласы бойынша біліктілігі жоғары мамандар екі тілде көрсетеді. Бұл ретте олар азаматтардың гендерлік құрамын да назарға алған. Мысалы ер адамға қызметті ер адам көрсетеді. Қызмет көрсету барысында ауру жұқтырып алу қорқынышынан, карантиндік шектеулер жағдайындағы күйзелістен арылу, іскерлік белсенділіктің төмендеуі сияқты өзге де бірқатар мәселелер қамтылады.

Маман көмегіне жүгіну үшін сall орталығына +77172272090, +77172703100 нөмірлеріне хабарласу керек. Сағат 9:00-ден 16:00-ге дейін хабарласуға болады.

«Бұл қызмет түрі 8 сәуірден бастап іске қосылды. Бүгінге дейін 10 адам хабарласып, психолог кеңесін алды. Кейбірін коронавирусқа қатысты сұрақтар мазаласа, кейбірі осы мәселені ойлап ұйқысы қашқанын, бойын үрей билейтінін айтады. Біз сұрақты қабылдап алғаннан кейін ол адам туралы мәліметтерді психологқа береміз. Психолог оларға телефон, ұялы телефон, видеоқоңырау арқылы хабарласып, психологиялық көмек көрсетеді», - дейді байланыс орталығының менеджері Айнұр Байғожина.

Мамандарға хабарласқан соң өзіңізді қандай мәселе мазалайтынын айтып, телефон нөміріңізді қалдырасыз және сізге қай уақытта, қай тілде хабарласу керек екенін айтасыз. Мамандар сізге өзіңіз қалаған тілде хабарласып, мәселені шешуге қатысты көмектерін көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар