12:10, 20 Наурыз 2020 | GMT +6
Коронавирус: Қазақстанда балалардың 28 пайызы ғана балабақшаға барып жүр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан бойынша балалардың 28 пайызы ғана балабақшаға барып жүр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен онлайн режімдегі брифинг барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет басшысының орынбасары 16 наурыздан бастап 6 сәуірге дейін мектеп оқушылары каникулға жіберілгенін, ал колледждер мен жоғары оқу орындарының бәрі қашықтан оқыту тәртібіне ауыстырылғанын мәлім етті.
«Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының мектепке дейінгі ұйымдарының бәрі карантин уақытына жабылды. Қалғаны штаттық режімде жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда ел бойынша балалардың 28 пайызы ғана балабақшаға барып жүр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Айта кетсек бүгінгі баспасөз мәслихатында Ералы Тоғжанов коронавирус инфекциясынан Қазақстанда адамдардың көз жұмғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.