Коронавирус: Қазақстан ғалымдары ПТР-тестті небәрі 6 күнде дайындаған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан ғалымдары небәрі 6 күнде коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сенімді ПТР-тест жүйесін әзірледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік және биотехнологиялар саласы бойынша ғылыми-зерттеулер жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Осы мәселемен жалпы 12 ғылыми ұйым айналысады. Онда 4,5 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді, оның 1 300-і ғылыми атағы бар қызметкерлер. «Болашақ» бағдарламасының 157 стипендиаты биотехнология, генетика және вирусология бағыттары бойынша әлемнің үздік университеттерінде білім алды. Сонымен қатар қазіргі уақытта 4,5 мыңға жуық бакалавр, 300-ге жуық магистрант, 59 докторант еліміздің 19 жоғары оқу орнында білім алуда», - деді ол.

Осы ретте министр еліміздің 2 ғылыми мекемесіне қысқаша тоқталып өтті. Оның бірі - Ұлттық биотехнология орталығы. Сертификатталған 25 ғылыми зертханасы бар орталықта білікті қызметкерлер жұмыс жасайды.

«Пандемияның басында тест жүйелері елімізге жеткізілмей тұрғанда осы ұйымның ғалымдары небәрі 6 күннің ішінде SARS-CoV-2 коронавирустың тірі штамынсыз жасанды синтез арқылы жаңа коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сенімді ПТР-тест жүйесін әзірледі. Соның арқасында індеттің бірінші күндері осы тестілеу жүйесімен жалпы диагностика іске асырылды. Денсаулық сақтау миинистрлігінің тапсырмасымен орталық қазіргі уақытта 11 ПТР-тест жүйесін әзірлеп берді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр тоқталған екінші мекеме Биотехнологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты болды.

«Бұл институт 1958 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 13 биологиялық қауіпсіздік зертханасында қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін еліміздегі жетекші ғалымдар топтастырылған. Жалпы қауіпті және аса қауіпті жұмыстардың барлық түрі қауіпсіздіктің үшінші деңгейімен қамтылған. Институт аса қауіпті инфекцияларға қарсы вакциналарды әзірлеу бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісімшарт жасасқан және жұмыс атқарады. Институт зерттеулері негізінен медицина мен ауыл шаруашылығына арналған вакциналардың жаңа түрлерін әзірлеуге, иммуно-биологиялық препараттарды өндіруге, қауіпті және аса қауіпті ауруларды диагностикалау бойынша тест жүйелерін әзірлеуге бағытталған», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар