Коронавирус қаупі: Жүрек аурулары бар адамдар нені ескеруі керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның коронавирус індетімен күресіп келе жатқанына алты ай болыпты. Осы уақыт ішінде індетке шалдыққандардың саны 100 мыңнан асып, оның ішінде 1715 адам көз жұмған. Әйтсе де ауру жұқтырғандардың 95 пайызының жазылуы – үрейден гөрі үмітті күшейтіп отыр. Осы ретте қазіргі эпидемиологиялық ахуал қандай? Аурудың қайта өршу қаупі бар ма? Дәрігерлер неліктен жүрек аурулары бар адамдарға ескерту жасап жатыр? Осы сұрақтарға бүгін Орталық коммуникациялар қызметіне келген мамандар жауап берген болатын.

Екі облыстың оқушылары коронавирус жұқтырған

Баспасөз мәслихатына келген Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың айтуынша, 25 қыркүйектегі мәлімет бойынша, елімізде коронавирус жұқтырған азаматтардың саны 107 590-ға жеткен. Оның ішінде 95,1 пайызы немесе 102 360 науқас жазылып шықты. 3515 адам ем қабылдауда. Өкініштісі, 1715 азамат қайтыс болды. Соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы 61 адамнан анықталған.

Бір өкініштісі, беті қайтты-ау деген індет екі облыстағы – Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстандағы мектеп оқушыларынан анықталып отыр.

«Солтүстік Қазақстанның мектептерінде коронавирус ауруын жұқтырудың 12 жағдайы тіркелді. Індет сегіз білім ордасынан және бір балабақшадан анықталды», - деді ол.

Екі облыста коронавирус табылған (жалпы 16 жағдай) мектептер мен балабақшалар карантинге жабылған. Коронавирус жұқтырған балалармен қарым-қатынаста болған ата-аналар мен мұғалімдер үй карантиніне жатқызылған. 14 күн өткеннен кейін аталмыш білім ордалары мен балабақшаларда өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге балалар қайта тексеріледі.

«Балалар ауруды жеңіл түрде өткеріп жатыр. Көбінде дене қызуы да байқалған жоқ. Кейбірінде жөтел, кейбірінде аурудың басқа да жеңіл түрлері анықталды. Жалпы жағдайлары жақсы. Бәрі де үйінде. Олар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Дәрігерлердің бақылауында», - дейді Бағдат Қожахметов.

Бұған дейін бірқатар БАҚ астаналық «Барыс» хоккей командасының ойыншылары коронавирус жұқтырғанын хабарлаған еді. Еңбек ұжымдарындағы індеттің көрініс беруі Денсаулық сақтау министрлігін алаңдатып отыр екен. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың 17 қыркүйегінде «Барыс» хоккей командасындағы 40 адамға профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Оның ішінде 11 адамның коронавирус жұқтырып алғаны белгілі болды. Дәл сол күні қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы шығып, сол ұжымда эпидемиологиялық шараларды өткізу туралы шешім қабылданған. КВИ жұқтырғандармен байланыста болған 29 адам анықталып, бәріне де «Барыс-Аренаға» келуге тыйым салынған екен.

Оның айтуынша, 22 қыркүйекте команданың тағы 8 мүшесінен коронавирус (олар бұрын жұқтырғандармен байланыста болған) анықталған.

«Қазір командадағы коронавирус жұқтырған 19 адамның бәрі ауруды симптомсыз өткеріп жатыр. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл індетті балалар мен қарапайым адамдар ғана емес, денсаулығы мығым спортшылар да жұқтыруда», - деп атап өтті ол.

Қазақстандық вакцина – сынақ сатысында

Бағдат Қожахметовтың сөзіне сенсек коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70 пайызы өтемақы алып үлгерген.

«Келесі аптада Денсаулық сақтау министрі осы мәселе бойынша Мәжіліс депутаттарымен кездеседі. Осы уақытқа дейін 12 800 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Оның тек бір бөлігін комиссия алғы шепте кәсіби міндетін атқарып жүріп, коронавирус жұқтырып алды деп таныған болатын. Бұл ретте арнайы талаптар барын ескеру керек. Бүгінге дейін коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің 70, тіпті 71 пайызы өтемақы алып үлгерді», - деді Бағдат Қожахметов.

Өз кезегінде Ұлттық ғылыми кардихирургия орталығының басшысы міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова орталықтағы 813 қызметкердің 348-і коронавирус жұқтырып алғанын айтып өтті.

«348 адам - клиникадан тыс коронавирус жұқтырып алған медициналық қызметкерлер. 337 адам біздің орталықтың ковид бөлімшелері мен ПТР зертханаларында жұмыс істеген. Ол кезде біз коронавирус жұқтырған азаматтарды қабылдап, орталық қызметкерлері үшін де, пациенттер үшін де ПТР-диагностика өткізіп жатқан болатынбыз», - дейді ол

Спикерлердің айтуынша, қазіргі таңда әлемдік вакциналардың ішінде жылдамдығы бойынша озық шыққаны – Ресей және Оксфорд екпесі. Өкінішке қарай, Оксфорд вакцинасын сынау барысында адам ағзасына кері әсер ететін бір белгі анықталған. Осының салдарынан оны зерттеу жұмыстары тоқтап қалған. Ресейлік вакцина клиникалық сынақтың үшінші сатысынан өтуде. Оған 10 мыңдаған адам қатысып жатыр. Бұл – екпе процесі емес, клиникалық зерттеу сатысы. Медицина мамандары осыны шатастырып алмау керектігін ескертеді.

Бағдат Қожахметовтың сөзінше қазақстандық вакцина да өте жақсы нәтиже көрсетіп отыр.

«Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшыларынан құралған топ Жамбыл облысындағы зертхананы көріп қайтты. Әзірге қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың алғашқы фазасынан өтіп жатыр. Алдағы айларда атқаратын қауырт жұмыс көп. Бұл бағыттағы істі жалғастырамыз», - деді ол.

Індет ең бірінші кімге қауіпті?

Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова «коронавирусқа қарсы мығым иммунитет бар ма, әлде бұл уақытша ғана иммунитет пе?» деген сұраққа жауап берді. Айтуынша осы сұрақ төңірегінде қазір әлемдік қауымдастық түрлі пікірталас өткізіп жатыр.

«Бұл мәселе қазір зерттелу үстінде. Бірақ кейінгі шолу материалдарының бірінде COVID-инфекциясынан кейін жақсы иммунитет қалыптасатыны жайлы ақпарат болды. Тіпті одан бұрын COVID-инфекция қаншалықты ағзаға ауыр болса, соншалықты мығым иммунитет қалыптасады деген де тұжырым болған. Бірақ бұл сұрақтың жауабы келешектің еншісінде деп айтар едім», - деді Махаббат Бекбосынова.

Оның мәліметінше, бұған дейін коронавирусты қайтадан жұқтырудың бір ғана жағдайы тіркелген. Алайда қайта жұққаны – вирустың басқа штамы болған.

«Бұл – Сингапурдан келген хабарлама. Бұл пациент екінші инфекцияны – COVID вирусының басқа штамын жеңіл өткерген», - деді дәрігер.

Маманның пікірінше коронавирус артериалды гипертониясы бар адамдарға аса қауіпті. Түсіндіруінше коронавирус пневмониясының ауыр түрінің өршу тәуекелінің ең күрделі факторы – артериалды гипертония.

«Артериалды гипертониясы бар пациенттер – қауіп тобы бойынша ең алдыңғы қатарда тұр. Оларда пневмония жылдам әрі ауыр болып кездеседі. Жүрек қан-тамырлы жүйесінде патологиясы, артериалды гипертония немесе жүрек ауруы бар барлық қазақстандықтарды тұрғылық жері бойынша емханаға есепке тіркелуді сұраймын. Сонда олардың жағдайын қазірдің өзінде бақылауға алып, денсаулық жайын қадағалап отыруға мүмкіндік болады», - деді Махаббат Бекбосынова.

Орталық басшысының айтуынша, жүректің созылмалы ауруларымен ауыратын пациенттер басқа ауруы бар адамдарға қарағанда коронавирусты ауыр көтереді.

«Жүрек қан-тамыр жүйесінде патологиясы бар пациенттерде коронавирустың алғашқы белгілері пайда болса бірден дәрігерге жүгіну керек. Ешқашан өзімді өзім емдеп алам деп ойламаңыздар. Мұндай адамдарда пневмония жедел өршиді. Ауыр көтереді. Мәселен қайтыс болғандардың жартысында артениалды гипертония болған», - деді ол.

Сонымен қатар Махаббат Бекбосынова мұндай адамдар жедел жәрдем келгенше не істеуі керектігін түсіндірді.

«Артериалды қысымды өлшеу керек. Қазір адамдардың көбі үйінде-ақ тонометрмен қысымын өлшей алады. Егер қысым жоғары болса жантайып демалған абзал. Ал пациентте мұндай жағдайда міндетті түрде «Каптоприл» болуы тиіс», - деп түйді Махаббат Бекбосынова.


Соңғы жаңалықтар