Коронавирус: Қарағанды облысында қоғамдық қорға жиналған ақша қайда жұмсалды
Жиналған қаражаттың 58 млн 750 мың теңгесіне «САП-01» маркалы 10 дезинфектор-бүріккіш көлік сатып алынған, (бүгінгі күні сомасы толық төленбеді), 33 918 926 теңгеге аспалы және бензин бүріккіштері алынды. Облыс ауруханаларына дәрі-дәрмек және медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға 92 339 889 теңге бағытталды. COVID-19 індетімен күресуге қатысқан медициналық қызметкерлердің мекемелерде тұруына және тамақтануына 34 938 500 теңге жұмсалды. Медицина қызметкерлерін карантин жағдайында тұрып жатқан тұрғылықты жерлерінен жұмысқа дейін тасымалдау үшін 1 992 000 теңге бағытталды. COVID-19 жұқтыру қаупі болған «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» КМК қызметкерлерінің сыйақысына 68 949 750 теңге бөлінді.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда коронавирустың таралуымен күресу үшін «Көмек-2020» облыстық қоғамдық қоры құрылған болатын. Ақшаның жұмсалуын Қамқоршылық кеңес бақылайды. Оған есімі белгілі қарағандылықтар енді: медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қани Мұсұлманбеков; «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков; «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ ректорының кеңесшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский; ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Серік Ақсұңқарұлы; ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорттың Құрметті қайраткері Валерий Громов.
«Көмек-2020» қоғамдық қорына кез келген адам өз үлесін қоса алады.