Коронавирус: Израильде «жасыл паспорт» беріле бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Израильде коронавирусқа қарсы вакцина алған немесе осы індеттен жазылып шыққан азаматтарға «жасыл паспорт» беріліп жатыр. ҚазАқпарат әлемдегі осы және өзге де жаңалықтар туралы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды.

Израильде «жасыл паспорт» деп аталатын құжат айналымға енгізілді. Оны коронавирусқа қарсы екпе алған немесе індеттен жазылып шыққан азаматтар ала алады. Аталған куәлік иелеріне фитнес-студияларға, спорттық іс-шараларға қатысуға, қонақ үйлерге тоқтап, театр мен киноға баруға рұқсат етіледі. Израильдің Денсаулық сақтау министрі Юлий Эдельштайн бұл артықшылықтарды елдің 3,2 миллионнан астам азаматы бірден пайдалана алатынын мәлімдеді.

Ал Дүниежүзілік медицина қауымдастығының (WMA) төрағасы Франк Ульрих Монтгомери, Германиядағы шектеу шараларын жеңілдетпеуді ескертті. «Коронавирус репродукциясы индексінің (R) жоғарлауы кезінде шектеу шараларын жеңілдету туралы айтып жатқандардың әрекеті –жауапсыздық», - деп мәлімдеді Монтгомери. Естеріңізге сала кетейік, Германияда 16 желтоқсаннан бастап қатаң локдаун енгізілген. Бірақ оған қарамастан, Берлинде 21 ақпанға қараған түні 30 адамның қатысуымен ұйымдастырылған заңсыз сауық кешінің өткені анықталды. Іс-шара қараусыз қалған өнеркәсіптік ғимараттың аумағында ұйымдастырылған.

Парижде жергілікті құқық қорғау органдары қатаң шектеу шаралырына қарамастан, 200-ге жуық адамның қатысуымен ұйымдастырылған жасырын сауық кешін әшкерлеген. Полиция қызметкерлері 10 адамды қамауға алып, айыппұл төлеуді көздейтін 59 хаттама жазған.

Мадридте жасырын сауық кешінің қатысушылары карантиндік шектеулерді бұзушыларды анықтау мақсатында рейд жүргізген полиция қызметкерлерінен жасырынуға тырысып, матрас пен шкафтың астына тығылған. Өткен демалыс күндері тек Испания астанасында 227 сауық кеші өткені анықталған. «Тұрғындар локдаунды сақтамаған, ғимарат ішінде бетперде қолданбаған және қауіпсіздік шараларын ұстанбаған», - делінген қалалық полиция басқармасының мәліметінде.



Соңғы жаңалықтар