Коронавирус: Испания қайтадан карантин енгізіп, Оңтүстік Кореяда індет жұқтырғандар артты

None
None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Көптеген елдер шектеу шараларын біртіндеп алып жатқанда әлемде Covid-19 жұқтыру оқиғалары артып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

Жұма күні ДДСҰ соңғы тәулікте 284 мың адамның Covid-19 жұқтырғанын хабарлады. Сол күні 30 сәуірден бергі ең көп өлім жағдайы тіркелді. Бір тәулікте 9753 адам көз жұмған.

Испания қайтадан шектеу шараларын енгізіп жатыр

Испания локдаунды алып тастағаннан кейін бір айдан соң қайтадан шектеу шараларын енгізіп жатыр. Себебі елде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейген. Ел билігі эпидемияның екінші толқыны бастала ма деп қауіптеніп отыр.

Барселонада да вирус жұқтырғандар саны артып жатыр.

Жұма күні Испания денсаулық сақтау министрі Сальвадор Илья соңғы тәулікте 900-ден астам коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркелгенін хабарлады.

Каталония билігі вирус жұқтырғандар санының артуына байланысты өңірдегі түнгі клубтардың жұмысын тоқтатты.

Сырқаттанғандардың көпшілігі – ферма жұмысшылары мен түнгі клубтарға барғандар. Сонымен қатар, көбі отбасылық мереке мен достар және туыстарымен кездесу кезінде жұқтырады.

Мадридте де жақын күндері шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Испания астанасының билігі тұрғындарды жабық ғимараттың ішінде, тіпті үйге қонақтар, көрші немесе курьер келсе де маска тағып жүруді сұрады.

Мадрид тұрғындарына жақын күндері бар мен мейрамханаларға келушілердің саны бойынша шектеу енгізетінін ескертті.

Испанияның кішігірім Тотана қаласы (Сурсия провинциясы) 55 адам инфекцияға шалдыққаннан кейін карантинге жабылды. Болжам бойынша, сырқаттанғандардың барлығы бір барға барған.

Испанияда Covid-19 жұқтырғандар санының артқанына Париж алаңдап отыр. Франция билігі азаматтарына мүмкіндігінше Каталонияға бармауды сұрады. Ал, Норвегия Испаниядан келгендерді карантинге жатқызатынын мәлімдеді.

Франция: ұшып келгендерден тест алынады

Франция премьер-министрі Жан Кастекс Францияға төмендегі 16 елден ұшып келгендердің міндетті түрде коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест тапсыратынын мәлімдеді: АҚШ, Бразилия, Алжир, Бахрейн, Израиль, Үндістан, ОАР, Кувейт, Катар, БАӘ, Оман, Панама, Перу, Сербия, Түркия және Мадагаскар.

Бұл елдерден Францияға туристердің келуіне тыйым салынған. Премьер-министрдің айтуынша, осы тізімдегі елдерден келген француздар мен Францияда тұратын осы елдің азаматтары талдау тапсыратынын түсіндірді. Вирус анықталған азаматтар екі апта карантинде жатады.

Оңтүстік Корея: ресейлік теңізшілер сырқаттанған

Өткен тәулікте Оңтүстік Кореяда 113 вирус жұқтыру оқиғасы тіркелді. Бұл соңғы үш айдағы ең жоғары көрсеткіш. Жұқтыру оқиғаларының көбі - «сырттан әкелінген», науқастанған 113 адамның тек 27-і ғана соңғы аптада ешқайда шықпаған.

Оңтүстік Кореядағы Пусан қаласының портында тұрған «Петр Первый» балық аулайтын кемесіндегі 23 ресейлік теңізшіден Covid-19 анықталды.

Оңтүстік Кореядағы Ресей бас консулдығы сырқаттанған Ресей азаматтарының ауруханаға жатқызылатынын мәлімдеді.

Осы аптада Иракта жұмыс істеп жүрген 293 оңтүстіккореялық азамат елге оралды. Көбінде Covid-19 анықталған.

Трамп рецептік препараттарды арзандатқысы келеді

АҚШ президенті Дональд Трам АҚШ-тағы рецептік препараттардың бағасын төмендетуге шақыратын төрт жарлыққа қол қойды. Трамп қол қойған құжат мұндай дәрі-дәрмекке жеңілдік жасауға мүмкіндік береді.

Сейсенбі күні Трамп америкалық фармацевтік компания басшыларымен кездеседі, бірақ президент шешімін кей фармацевтер мен сарапшылар сынап жатыр. Олардың пікірінше, Трамп қарастырған шаралар тиімді емес және дәрі-дәрмек бағасының төмендеуіне әсер етпейді.

АҚШ тұрғындары әлемнің басқа дамыған елдерімен салыстырғанда дәрі-дәрмекке екі есе көп қаражат жұмсайды. ЭЫДҰ дерегі бойынша, 2015 жылы британдықтар орташа есеппен 497 долларға дәрі сатып алса, америкалықтар 1162 доллар жұмсаған.

Англияда бассейн мен фитнес-клубтар ашылады

Англияда сенбіден бастап жабық бассейндер, фитнес-клубтар мен спорт объектілері ашылады. Болжам бойынша, спортзалдардың үштен бірі шығынға ұшырағандықтан жұмысын жандандыра алмай отыр.

Ашылған спорт объектілері санитария ережелерін қатаң сақтауға міндеттеледі.

Англияда ашық аспан астындағы спорт объектілері 4 шілдеден бастап жұмыс істеп жатыр.

Жаттығу залдары Солтүстік Ирландияда ашылған, ал Уэльс пен Шотландияда олар бұрынғыша жабық тұр.

Британия билігі ел тұрғындарына артық салмақ Covid-19-дың күрделі өтуіне себеп болатынын тағы да ескертті.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, семіздікпен ауыратын науқастардың Covid-19-дан қайтыс болу қаупі артық салмағы жоқтармен салыстырғанда 40%-ға артық.


Соңғы жаңалықтар