Коронавирус инфекциясының тіркелу жағдайлары 18 пайызға төмендеді – Алексей Цой

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Республикада коронавирус инфекциясының тіркелу жағдайлары 18 пайызға төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«3 тамызда 93 820 науқас тіркеліп, оның 27 597-сі ем алып жатыр. 55 132 адам емделіп шығып, 1 091 адам қайтыс болды. Толықтай алғанда, республика бойынша өткен аптамен салыстырғанда тіркелген жағдайлардың 18 пайызға төмендегені байқалады. 4 апталық карантин кезінде мынадай нәтижеге қол жеткізілді: төсек-орынның босауы 56 пайыз болды. Оның ішінде реанимациялық төсек-орындар 36 пайызға қысқарды. Жазылып шыққандар саны 69,4 пайызға жетті. Жедел жәрдем шақыру, оның ішінде коронавирусқа байланысты шақыртулар 40 пайызға азайды»,- деді ол.

Министрдің айтуынша, вирустың репродуктивтік көрсеткіші 24 пайызға, яғни, 1,2-ден 0,89-ға дейін төмендеді.

«Осылайша, денсаулық сақтау жүйесіне жүктеменің негізгі көрсеткіштерін төмендетуге қол жеткізілді. Қатаң шектеу шараларын енгізгенге дейін репродуктивтік көрсеткіші 1,2 пайыз болған еді. Карантин енгізілген соң 2 аптадан кейін репродуктивтік көрсеткіштің тұрақты түрде төмендеу үрдісін байқап отырмыз», - деді Алексей Цой.

Оның дерегінше, 23 шілдеден бастап инфекцияның репродуктік көрсеткіші тұрақты түрде төмендеп келе жатыр. Бұл көрсеткіш 4 тамызда 0,89-ға дейін қысқарды.

«Эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда бұл көрсеткіштің 1-ден төмен болғаны маңызды. 4 тамызда репродуктивтік көрсеткіш Ақмола мен Қарағанды облыстарынан басқа барлық өңірде 1-ден жоғары болған жоқ», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар