Коронавирус инфекциясын болжау және оған ден қою жүйесі құрылды - Ажар Ғиният

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елімізде 25 инфекциялық ауру жағдайлары тіркелмеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылуда. Жалпы республикада инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Осы жылдың өткен кезеңінде 25 инфекциялық ауру жағдайлары, оның ішінде тырысқақ, оба, туляремия, паратиф, іш сүзегі, сіреспе, дифтерия, полиомиелит, қызамық бойынша тіркелген жоқ. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткізілді», - деді министр «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының бірінші жартыжылдықтағы нәтижелері жайында баяндай келе.

Сонымен қатар ол биыл 21 мамырда Мемлекет басшысы биологиялық қатерлерді ерте анықтауға уақтылы ден қоюға және оның алдын алуға бағытталған «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заңға қол қойғанын еске салды.

«Былтырдан бастап біз инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалаудың заманауи моделіне көштік. Коронавирус инфекциясын болжау және оған ден қою жүйесі құрылды. Қазір басқа да инфекцияларға осы модельді енгізіп жатырмыз. Биыл біз вакцинамен басқарылатын инфекцияларды үлгілеуге, болжауға және ден қоюға кірістік», - деді Ажар Ғиният.


Фото: t.me/KZgovernment




Соңғы жаңалықтар