Коронавирус инфекциясы кезінде жүрекпен қатар өкпенің қадірін түсіндік – дәрігер

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік хирург Ерлан Ильясов өкпесі қабынып, тыныс алуы нашарлаған науқастарға ота жасады. Ол білікті маман болу үшін тәлімгерлердің маңызы зор деп есептейді. Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Ерлан Нұрдәулетұлы ҚазАқпарат тілшісіне індет өршіген кездегі қарбалас жұмыс пен өкпені сақтау жолын айтып берді.

- Алдымен ұлт саулығы жолындағы жұмысыңызға тоқталсаңыз...

- М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясын 2004 жылы тәмамдадым. Мамандығым – хирург. Темір ауданындағы Кеңқияқ ауылында бір ай жұмыс істедім. Кейін Ақтөбе қаласындағы теміржол ауруханасында еңбек еттім. 2006 жылдан бастап қазіргі облыстық фтизиопульмонология орталығында жұмыс істеп жүрмін. Қосымша мамандықты да игердім.

- Неліктен туберкулезге қарсы күрес диспансерді таңдадыңыз?

- Осыдан 15 жыл бұрын бұл салада жұмыс ауқымды болды. Әрі өкпе отасына қатысып, өзім осы бағытты таңдауға бел будым. Кардиохирургия секілді мұнда да қан тамырлармен жұмыс істейміз. Жұмыс қиын, жауапкершілігі жоғары. Ота сәтті шықса, өз ісіңнен ләззат аласың.

- Қанша адамға ота жасадыңыз?

- Хирург өзі жасаған ота санын жіпке тізбейді. Ең алдымен мен травматология бөлімінде еңбек еттім. Жарақат алған адамдарға көмектестім. Білікті хирургтің жанында жүріп алдымен тігу, байлауды меңгересің. Үшінші курстан бастап тәжірибе жинауға мүмкіндік берілді. Осы тұста өмірлік маңызы бар үш қағида туралы айтып кетсем. Не оқисың? Кімнен тәлім аласың? Өмірлік ұстанымың қандай? Міне, осы үшеуі маңызды. Адам үнемі оқып, өзін жетілдіруі тиіс. Жанында үлгі алатын адамы болса, алға мақсат қоя білсең жақсы адам болып қалыптасасың. Хирургия – қолөнер. Жақсы маман үнемі жұмыста жүреді, түні бойы кезекшілікте болады. Жас маман сенімге кіруі үшін тынбай алға ұмтылуы тиіс. Теміржол ауруханасында Нағашыберген Айбасов, марқұм Сағындық Шамбаев, Сағындық Бөрібаев, Серік Жаңылсынов, Асқар Фаткулин бар. Кейін бағытымды өзгерткенде Бақтыбай Бижанов, Нығмитулла Қалмахов, өкпеден тыс бөлімде Дайын Арыстанов, Нұрлан Ағзамов, Жолдасқали Дәулетов, Асқар Досаев, Ерлан Тәтімов бағдар болды. Қазір буынға ота жасауды да меңгеріп жатырмыз. Бұл салада Серік Тұтқышбаевтың еңбегі зор. Бәрін есте сақтап, аты-жөнін атап өтуді жөн көремін. Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімовтің жолы бөлек. Ол энциклопедия секілді білімді маман. Математика, психология, құрылыс секілді әр саланы жетік меңгерген мықты тәлімгер.

- Тәлімгерлер не үйретті?

- Бәрін. Хирургияның әліппесінен бастап, жедел шешім қабылдап, адам жанын құтқаруды осы мамандардың жанында жүріп, үйрендім. Бірінші жылы тігуді, екінші жылы скальпель ұстауды меңгересің. Үшінші жыл отаны сеніп тапсырады. Соқырішекке ота жасауды біз ең жеңіл операция деп есептейміз. Оның да күрделі түрі кездеседі. Асқынғанда адам мүгедек болып қалуы мүмкін. Дәл осы тұста білікті тәлімгердің тәжірибесі, ақыл-кеңесі қажет. Ал кеуде бөлігінің хирургиясына көшудің өз себебі бар. Өкпе жүрек секілді адамның маңызды мүшесі. Өкпе болмаса дем ала алмаймыз. Пандемия кезінде өкпенің қадірін білдік. Қалада бірінші мәселе – экология. Өйткені осы жерде тұрамыз, ұрпағымызды тәрбиелеп жатырмыз. Біз қазір «қандай ауамен демаламыз» деп ойлануымыз керек. Әзірге тек «Дыши, Актобе» тобы бар. Олардың қатары аз. Бірігіп Ақтөбені көркейтіп, экологиясын дамытумыз қажет. Ақтөбе жақсы қала, бірақ жасыл желек аз. Өндірісті аймақтың ауасы нашар, жаз айларында жағымсыз иіс шығады. Бәріміз осы жолда үлес қосуымыз керек.

- Сіздің қандай ұсынысыңыз бар?

- Мен өзім «Дыши, Актобе» тобының жұмысын бақылап отырамын, қолдаймын. Жұмысымыз көмектесуге мұрша бермейді, кезекшілік тағы бар.

- Ал енді өткен жылы ел ішін үрейде ұстаған пандемияның бірінші толқынындағы жұмыс туралы сөз қозғайық...

- Біздегі жұмыс диагностикадан басталады. Рентген қорытындысын қолға алғанда өкпенің сыртында ауа бар ма, жоқ па, сұйық жиналды ма деген сұрақтарға жауап іздейміз. Пневмониядан кейін пневмоторакс деген де бар. Ол кезде адамға жедел көмек керек болады. Кеуде қуысына ота жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Пандемия кезінде бізге осы бағытта жұмыс істеу жеңіл болды. Себебі бронхоскопия аппаратының көмегімен қан кетуді тоқтатуға мүмкіндік болды. Эндоскоппен анықтап, қақпақша қойылады. Шәкіртім Бейсен Сапарғалиұлы мұны жетік меңгерді.

- Бұған дейін беймәлім болған коронавирус инфекциясы туралы не білесіз?

- Дәрігерлер өмір бойы оқуы керек. Бес жылда бір рет біліктілікті арттырамыз. Сонымен бірге ғылыми әдебиетті оқып, күн сайын танымымызды кеңейтеміз. Коронавирус пневмониясы кезінде үнемі әлемдегі ғылыми жаңалықты бақылап отыруға туралы келді. Әлем ғалымдарының емдеу хаттамасы назарда болды. Алғашында олар да ештеңе білмеді, абыржыды. Кейін арнайы дәрі-дәрмек тізімі берілді. Гипарин, фраксипарин, клексан антикоагулянттары берілді. Ғылыми зерттеу жаңарғанда хаттама да өзгерді. Кейбір дәрі көмектеспеді. Қазір вирус тамырды, жасушаларды зақымдайтынын білеміз. Қан ұю функциясы бұзылады. Асқындырып алмауы үшін антикоагулянт қолданылады. Құжаттың жөні басқа, ал адам ағзаны әртүрлі екенін де естен шығармаған абзал. Сондықтан науқастың дертіне, жағдайына байланысты шешім қабылдау үшін білім мен тәжірибе қажет.

- Коронавирус пневмониясы кімдер үшін аса қауіпті?

- Қант диабеті, қан тамырлары, жүрек ауруы секілді дертке шалдыққандар қиын өткереді. Созылмалы ауруы бар адамдар дәл қазір неге ауыра бастады? Себебі бұрын олар қорғанды, үйде болды. Қазір бәрі үйден шықты. Иммунитет те әлсіз. «Бұрын ауырдық, қазір ауырмаймыз» деп айтуға болмайды. Маска таққан дұрыс. Тағамын, тақпаймын деген ой мүлде болмауы тиіс. Симптомсыз түріне шалдыққандар таратушы. Олар өзге адамға жұқтырады. Ал таза ауада маска тағу қауіпті. Далада адамдар әлеуметтік арақашықтықты сақтайды.

- Эпидемиологтар далада да бетперде тағуға кеңес берді?

- Таза ауада, серуендегенде, жүгіргенде масқа тағу зиян.

- Бір сұрақ жиі мазалайды. Өкпе қалпына келе ма?

- Ем уақылы басталса, өкпе қалпына келеді. Асқындырып алса, фиброз болады. Яғни, өкпе тесіліп қалады. Қалпына келу үшін оңалту жұмысы жүргізілуі тиіс. Ентіксе, арнайы жаттығу жасалады. Адам бір өкпемен де жүре алады. Ұзақ ғұмыр кешеді. Кез келген уақытта тығырықтан жол табуға болады. Пандемияда көп адам «мүгедек» болып қалды. Оттегі концентраторына таңылғандар бар. Ол адамдарды емдеуді жалғастыру керек. Нәтиже бірден болмайды. Бірақ табанды адам жақсы көрсеткішке қол жеткізеді.

- Сіз де ауырдыңыз ба?

- Қосымша ауру болмаса адам бәрін жеңіл өткереді. Үш күн дене қызуым көтеріліп, үйде жатып, кейін қайта жұмысқа қосылдым. Ауыратын емес, тек жұмыс істейтін уақыт болды.

- Қазір вакцинациялау басталды. Сіз егілесіз бі?

- Вакцинаға үміт артып отырмыз. Өзім қабылдаймын. Жалғыз жолы осы шығар бәлкім. Бұл маңызды кезең. Қоғам барлық сақтық шарасын ұстанса, сөзсіз біз жеңіп шығамыз. Егер адамдар жүріс-тұрысын азайтпаса, екінші толқын басталуы мүмкін. Көрші облыстар мен көрші елде науқастар саны артты. Ақтөбе жолайрықта тұр.

- Сұхбатыңызға рахмет.


Соңғы жаңалықтар