Коронавирус індетінен кейін әлемді қалпына келтіру қалай жүргізілуі керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Covid-19 індетінен кейін әлемді қалпына келтіру мен климат өзгерісімен күресуге бағытталған іс-шаралар тығыз байланысты болуы тиіс. Бұл туралы Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Свен-Олов Карлссонның мақаласында айтылған. ҚазАқпарат мақаланың толық нұсқасын жариялайды.

***

Париж келісіміне қол қоюлуының бес жылдығына орай желтоқсан айының 12-ші жұлдызында бірқатар әлем көшбасшылары әлдеқайда қауіпсіз әрі ауаға шығарылатын зиянды заттардың нөлдік деңгейін қамтамасыз ететін тұрақты әлемді, келешек ұрпаққа мақтанышпен қалдырып кететін әлемді құру жолында еңбек етіп жатқан көптеген адамның батылдығына қолдау көрсетіп, жігерлігін атап өту мақсатында бас қосты.

Соңғы бес жыл ішінде халықаралық қауымдастық жігерлігінің сыннан өткені сөзсіз. Өткен жылы бүкіл әлем қауымдастықтарымыз бен экономикамызға ұзақ мерзімді әсерін тигізген вирустан зардап шекті.

Індеттің өршіп тұрған кезінде климат өзгерісімен күресуге бағытталған белсенді жаһандық іс-қимылға шақыру дұрыс па? Біздің ойымызша, бүгінгі таңда бұл мәселенің көкейкестілігі бұрынғыдан да арта түсті.

Еуропалық Одақ осы індет басталмай тұрып, «жасыл дамуға» көшу үдерісін басқару міндетін өз мойнына алған болатын. 2019 жылдың желтоқсан айында Еуропалық Комиссия дамудың жаңа үлгісі әрі 2050 жылға қарай ЕО-та климаттық бейтараптыққа қол жеткізудің жол қартасы саналатын «Еуропалық жасыл бағыт» стратегиясының іске қосылғандығын жария етті. Қазір, бір жылдан кейін, біз энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндіру мен биоалуантүрлілік сияқты салалардағы саясатымызды тұрақты даму мақсаттарымызға сәйкес бейімдеп жатырмыз.

Енді бұл ЕО-тың індеттен кейін қалпына келтіру жөніндегі іс-әрекет жоспары болды. «ЕО келесі ұрпағы» атты қалпына келтіру бойынша іс-шаралар топтамасы мен келесі ұзақ мерзімді бюджетіміздің аясында климат өзгерісімен күресуге жарты триллион еуродан астам қаражат бөлінеді.

2050 жылға қарай климаттық бейтараптыққа қол жеткізу мақсатында ЕО көшбасшылары 2030 жылы 1990 жылмен салыстырғанда ауаға шығарылатын көмірқышқыл газының деңгейін 55% қысқарту мақсатын бірауыздан мақұлдады. Көмірқышқыл газының ауаға шығарылу деңгейін 55% қысқарту келесі онжылдықта 100 млрд. еуроны үнемдейді.

Қазірдің өзінде «нөлдік шығарындылар клубының» қатары өсуде. Жапония 2050 жылға қарай климаттық бейтараптыққа жету мақсатын алға қойып, ЕО-ты қолдады. Басқа елдер нөлдік шығарындыларға ғасырдың ортасына дейін жетуді жоспарлап отыр (Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея және Қытай), бірақ бірқатар маңызды сәттерді әлі де нақтылау қажет. Канада климаттың бейтараптылығы туралы жаңа заң қабылдағанын жарияласа, сайланған президент Байден АҚШ-тың сол бағытты ұстанатынын атап өтті. Халықаралық қоғамдастық, әрине, Қазақстанның «клубқа» қосылуын құптайды. 12 желтоқсанда Париж климат келісімнің 5 жылдығына арналған климаттық амбиция саммитінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кеңейтілген ұлттық климат жоспары аясында 2060 жылға қарай көміртек бейтараптылығына қол жеткізетіндігін мәлімдеді.

Аталған онлайн-саммит кезінде Еуропалық Комиссия төрағасы Урсула фон дер Лайен: «Біз көміртектің бағасын белгілеуіміз керек деген пікірмен келісетін әр мемлекетпен жұмыс істегіміз келеді. Біз пікірлес елдермен бірге өршіл міндеттемелерге дайынбыз» деді.

Қандай үкімет болмасын климаттың өзгеруімен жалғыз өзі күресе алмайтындығы бәріне мәлім. Дәл осы себептен біз стратегиялық серіктестік келісімдері, сауда саясаты, дамуға көмек және басқа да сыртқы қаржыландыру сияқты құралдарды іске қоса отырып, ынтымақтастық пен дипломатияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып отырмыз. Барлық өршіл мақсаттарымызға жету үшін бізге ізгілікті шеңбер қажет.

Еуропалық Одақ Орталық Азия елдеріне әр түрлі бағдарламалар арқылы климаттың өзгеруі, қоршаған орта және энергетика мен суды басқару мәселелері бойынша кеңейтілген ынтымақтастықты қамтамасыз ету мақсатында қаржылық қолдау көрсетуді жалғастыруда. Олардың ішінде су, қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі ЕО-Орталық Азия ынтымақтастық бағдарламасы (WECOOP), Орталық Азия су-энергетикалық бағдарламасы (CAWEP), су-энергетика-азық-түлік салаларын қаржыландыруға жәрдемдесу бойынша Орталық Азия диалогы (Nexus Dialogue) және ЕО су бастамасы аясындағы су саясаты жөніндегі ұлттық диалогтар.

Біз Қазақстан Республикасын ғалымдарды, сарапшыларды, бизнесті, үкіметтік емес ұйымдарды және шетелдік серіктестерді, соның ішінде ЕО-ты кеңінен тарта отырып, төмен көміртекті стратегияны әзірлеу бойынша жұмысты жалғастыруға шақырамыз. Өзінің ресурстары мен амбициялары арқасында Қазақстан климаттық бейтарап және ресурстарды үнемдейтін экономикаға көшудің аймақтық шамшырағына айнала алады.

Нөлдік шығарындылар деңгейі жаңа нормаға айналуда. Дамушы елдерге 100 млрд. доллар көлемінде климаттық қаржыландыруды ұсынумен бірге, осы деңгейге жету келесі жылдың қараша айында Глазго қаласында жұмысын қайта бастайтын 26-шы Тараптар конференциясы аясындағы климаттық келіссөздердің нәтижесі болуы тиіс.

Соңғы жылдары ЕО климаттың өзгеруіне қарсы күресте жетекші рөл атқарып келеді. Бірақ Париж келісіміне қол қойылғаннан бес жыл өткен соң, бәріміздің де нөлдік шығарындыларға қол жеткізудің және 2030 жылға деген амбициямызды арттырудың нақты стратегияларын алға ұсынуымыз бұрынғыдан да маңызды.

Covid-19 індеті жақсы ойластырылған мемлекеттік саясаттың өзінің жеткіліксіз екенін анық көрсетті. Үлкен ұжымдық әсерге жету үшін әркімнің кішігірім әрекеттері мен қадамдарын қолдап, құптауымыз керек. Бұл бізге қажет тізбекті әсер, ал бастау алатын жеріміз - Париж келісімі. Климат бейтараптылығын түпкі мақсат ету арқылы әлемдік қауымдастық бәрінен де жоғары тұратын ғаламшарымызды бірлесе қорғау үшін өзінің ең үздік инженерлері, кәсіпкерлері, саясаткерлері, суретшілері, ғалымдары, ҮЕҰ және азаматтарының талпыныстарын жұмылдыра алады.


Соңғы жаңалықтар