Коронавирус: Елордада көз жұмған адам үйде 3 күн бойы ауырған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус инфекциясынан қайтыс болған науқас туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 1950 жылы туған тұрғын 11 сәуірде жедел жәрдем қызметі арқылы провизорлық ауруханаға ауыр халде түскен.

«Жағдайы ауыр болғандықтан, науқас жедел түрде реанимацияға жатқызылды. Туыстарының айтуынша, марқұм үйде 3 күн бойы ауырған, дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген. Медициналық көмекке жүгінбей, өздігінен қызуды басатын дәрілер ішкен. Ентігіп, тыныс алу қиындаған соң стационарға жүгінген», - деді басқарма басшысы «Хабар 24» телеарнасындағы брифингте.

Одан бөлек, науқас артериялық гипертензия, қант диабеті, жүрек ишемиясымен ауырған. 2011 жылы оған аортакаранарлық шунттау жасалған.

«Науқастан коронавирустық инфекция табылды, ауруды диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес ем-дом жүргізілді. Кәсіби мамандардың қатысуымен консилиум жүргізілді. Бірақ, қарқынды терапияға қарамастан ағзалық жетіспеушілік белгілері көбейіп, 13 сәуірде сағат 23:40-та науқас көз жұмды. Жүргізілген барлық реанимациялық шаралар көмектеспеді. Туыстары арасынан жақын байланыста болған адамдар тексеріліп, үй жағдайында карантинге орналасты», - деді С. Қисықова.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 264 адам, Алматы қаласында – 346 адам, Қарағанды облысында - 79 адам, Ақмола облысында - 73 адам, Атырау облысында - 63 адам, Жамбыл облысында - 49 адам, Шымкент қаласында - 39 адам, Шығыс Қазақстан облысында - 8 адам, Алматы облысында - 22 адам, Ақтөбе облысында - 11 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 26 адам, Павлодар облысында - 10 адам, Маңғыстау облысында - 10 адам, Қызылорда облысында - 119 адам, Батыс Қазақстан облысында - 11 адам, Түркістан облысында - 47 адам, Қостанай облысында - 3 адам, жалпы 1179 науқас тіркелді.


Соңғы жаңалықтар