Коронавирус: Елордада қай жастағы тұрғындар жиі ауырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова елордадағы КВИ жұқтырғандардың жас құрылымын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауырғандардың ең жоғары деңгейі бұрынғыдай ересектер арасында тіркелген, олар жалпы сырқаттанудың 79,9%-ын құрайды, балалар үлесі – 17,3% және жасөспірімдер 2,8%. Ересектер арасында 30%-ы 30-39 жас аралығындағы топқа тиесілі. Сәуір айынан бастап егде жастағы адамдар арасында жағдайлардың 2,2%-ға, 18-29 жастағы адамдар арасында 0,7% ға өсуі байқалады», - деді С. Бейсенова елорда әкімдігінде өткен брифингіде.

Наурызда динамикада 14 жасқа дейінгі балалар арасында ақпан айымен салыстырғанда 2,3 есе өсу байқалды, яғни ақпанда – 479 жағдай, наурызда – 1 106 жағдай, сәуірдің алғашқы 20 күнінде наурыз айымен салыстырғанда 1,3 есе – 1 447 жағдайдың өсуі байқалды.

«Ал сәуір айында жалпы сырқаттану құрылымындағы балалардың үлес салмағы 0,8%-ға азайды, бұл әсіресе 7-10 жас аралығындағы топ оқушыларына қатысты қабылданған шектеу шараларының тиімділігін көрсетеді, онда төмендеу 5%-дан 4%-ға дейін болды. Балалар арасында ең жоғары аурушаңдық 3-10 жас тобында 54,5%-ды құрайды», - дейді спикер.

Сырқаттану құрылымында ауырғандардың негізгі үлесі жұмыс істейтін халыққа тиесілі – 43,6 %, жұмыс істемейтіндер – 23,4%, зейнеткерлер – 15,3 %, оқушылар – 11,1 %. Бұл ретте сәуір айында жұмыс істейтіндер арасында ауырғандардың үлес салмағы 4,2%-ға, жұмыс істемейтін халықтың 5,5%-ға, сондай-ақ оқушылар арасында 4%-ға төмендегені байқалады.


Соңғы жаңалықтар