Коронавирус: Елордада эпидемиологиялық ахуал күрделене түсуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада коронавирус індетінің тез таралуына байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделене түсуде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С.Бейсенованың мәліметінше, соңғы тәулікте вирусқа шалдығудың 4 639 жағдайы зертханалық расталған (симптомдары бар – 3192, 1447 – симптомсыз), өсім – 2,5 пайызды құрайды.

Соңғы аптада елордада COVID-19 бойынша 31 789 жағдай тіркелді. Аурушаңдық алдыңғы аптадан 5 есе жоғары (алдыңғы апта – 4 476).

Қаңтардың 16 күнінде 36 347 дерек анықталды. Бұл 2021 жылғы желтоқсанда тіркелген 2 737 жағдайдан 12 есе жоғары.

«Омикрон» коронавирусының жаңа штамы вирустың басқа мутацияларына қарағанда тезірек таралады. Сол себепті COVID-19-бен ауырып шыққандар және 2021 жылдың наурыз-қыркүйек айларында вакциналанған тұрғындар да әбден жұқтыруы мүмкін. Қала бойынша қазіргі уақытта 244 824 адам ревакцинациядан өтуі қажет (ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым, шілде айларында вакцинаның толық курсын алғандар), олардың 27 874-і немесе 11,3 пайызы қайта вакциналанған адамдар», - деді Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде вирустан қорғанудың жалғыз жолы – ол СOVID-19-ға қарсы толық вакцинация және ревакцинация. Қорғанған адамдар ғана «Омикронды» жеңіл қабылдайды.

Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салады. Сондай-ақ вакцинацияға және ревакцинацияға шақырады. Оны астананың емханалары мен «Абу Даби Плаза», «Керуен»,» Азия Парк», «Еуразия» СҮ және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы сияқты егу кабинеттерінде ыңғайлы әрі жылдам жасауға болады.


Соңғы жаңалықтар