Коронавирус: Дәрілермен эксперимент жасалды – жапон сарапшысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Жапонияның Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры Норио Омагари алматылық әріптестерімен видеобайланыс арқылы COVID-19 алдын алу туралы тәжірибесімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің ахуалы коронавирустың таралуының алдын алуда басым рөл ойнайды.

Норио Омагари басқаратын орталық инфекциялық ауруларды жаһандық дәрежеде алдын алу, емдеу, зерттеумен айналысады.

Жапония вируспен бетпе-бет келген елдердің алғашқысы екені рас.

Себебі, вирус Қытай шекарасынан тарала бастаған кезде алғашқылардың бірі болып Жапонияға тоқтаған Diamond Princess круиз лайнерінің жолаушыларынан табылды.

Сарапшы қаңтар айының соңында Ухань қаласынан жапон азаматтарын қалай алдырғандарын еске түсірді.

Жапон орталығы эвакуацияланған 600 адамның денсаулығын тексерді. Олардың 2 пайызы коронавирусты жұқтырған болып шықты.

Оның артынан Йокогама қаласына Diamond Princess круиз лайнері келіп карантинге тоқтады.

«Жұқтырған пациенттерді госпитальге жатқызғаннан бастап біз вирус туралы тың зерттеу жүргізе бастадық. Наурыз айының аяғында Жапонияда вирус жұқтырғандар саны күрт өсе бастады. Токио губернаторы қалаға локдаун енгізу туралы шешім қабылдамақ болды. Алайда Жапония елінің заңдары бойынша локдаун енгізуге тыйым салынған. Локдаун енгізілген жоқ, бірақ халық өздері үйде қалуды дұрыс деп тапты. Сыртқа қажеттілік болмаса ешкім шықпады. Жапон халқының бұл әрекетінің арқасында вирустың жұғуы күрт азайды. 7 сәуірде Үкімет денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені азайту үшін төтенше жағдай жариялады. Төтенше жағдай режимі 25 мамырда алынды. Қазір Жапонияда эпидемиологиялық ахуал тұрақты», - деді Норио Омагари.

Қазір Жапонияда вирус жұқтырғандар саны 93408 адамға жетті.

Наурыз айынан бері 1600 адам көз жұмған. Олардың көпшілігінде қант диабеті, онкология, жүрек қан тамырлары сынды қосалқы аурулары болған.

Жапон сарапшылары қаза болған азаматтардың орташа жасы 70-тен асқан деген қорытындыға келді.

«Қазір елде 60 жастан асқан азаматтарды қорғау туралы стратегия қарастырылып жатыр. Осының арқасында біз коронавирустан болатын өлім-жітім көрсеткішін азайтатын боламыз», - деді маман.

Жапон орталығының директоры Diamond Princess круиз лайнерінің жолаушысы, АҚШ азаматы туралы да айтты.

«Жолаушы ауыр халде түсті. Науқаста жоғары тыныс жолдарының респираторлық инфекциясы симптомдары болған. Коронавирус талдауы оң нәтиже көрсетті. 10-күн болғанда пациентке өкпені жасанды желдету аппараты керек болды. Ол кезде біз емдеу туралы көп ақпарат білмейтінбіз. Қандай дәріні берсек болады деген үлкен сұрақ тұрды. Дәрілермен эксперимент жасалды. Интубациядан кейін 3 аптаның ішінде жағдайы жақсарды. Жалпы алғанда АҚШ азаматына қалпына келу үшін, толық жазылу үшін 3 ай уақыт кетті. Жазылған пациент АҚШ-қа үш айдан соң оралды», - деді Норио Омагари.

Бұған дейін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті өткізген онлайн конференция барысында Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласындағы Отаго университетінің профессоры Майкл Бейкер COVID-19-бен күресте бірінші медициналық-санитарлық көмек жүйесі қалай ұйымдастырылғанын мәлім еткен болатын.

Сонымен қатар, АҚШ-тағы Денсаулықты бағалау және көрсеткіштер институтының директоры Кристофер Мюррей COVID-19 бойынша Қазақстанға қатысты болжамын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар