Коронавирус: Дәрігерлер әуежайға келген жолаушыларды қалай тексеріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирустың жаңа түрінің пайда болуына байланысты еліміздегі шекаралар, вокзалдар мен әуежайларда бақылау күшейді. Қазақстанға келген жолаушыларды дәрігерлер ЖРВИ және коронавирустық инфекция белгілері бойынша тексеруде. БАҚ өкілдеріне Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында азаматтарды қалай тексеретіні көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Санитарлық-карантиндік бақылау жүргізу ұшақ бортынан басталады. Шекарашылар бортқа көтеріліп, есікті қағады. Оған тиісті құжаттарды алып келеді. Одан кейін бортқа санитарлық дәрігерлер кіріп, жолаушыларға анкета толтырғызады және термометрия жүргізеді», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің көліктегі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің директоры Ермек Тоқбергенов.

Ол жолаушылар термометриядан ұшақ бортында және ұшақтан түскен кезде өтетінін айтты.


«Ұшақ ішінде әр жолаушыны тексереді. Санитарлық дәрігерлердің міндеті – барлық жолаушы мен барлық экипаж мүшесін термометриядан өткізу. Егер дене қызуы бар жолаушылар анықталса – оларды оқшау жерге апарады. Ары қарай оларды емдейтін дәрігерлер қарайды. Жолаушылар ұшақтан түскеннен кейін жылу түсіргіштері бар (тепловизор) жолмен жүріп өтеді. Олар онша көрініп тұрған жоқ, сондықтан оның бар екенін жолаушылар байқамайды», - дейді Тоқбергенов.

Сондай-ақ, департамент директоры санитарлық дәрігерлер жолаушыларға анкета толтыртқызатынын айтты. Оның айтуынша, дәрігерлер олар қай жақтан ұшып келгенін, қайда барып, қайда тұратынын жазып алуы керек.

«Жалпы алғанда инкубациялық кезең 14 күнге созылады, сол себепті жолаушылар медициналық бақылаудан өтуі керек. Олар денсаулық жағдайы бойынша 14 күн бойы мониторинг жүргізеді. Егер дене қызуы көтерілген адам болса, бірінші қабаттағы медициналық пунктке апарады. Ол жерде емдейтін дәрігерден бөлек инфекция бөлімінің дәрігерлері болып, науқастардың денсаулық жағдайын анықтайды. Егер науқас ауруханаға жатқызылуы керек деп шешілсе, ауруханаға жатқызылады. Бұл жағдайда науқасқа термометрия үшінші рет жасалады. Кестеге сәйкес, науқас сауықтыру медициналық мекемелерінің біріне жатқызылады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар