Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Токио дәрігерлері Олимпиада ойындарының өткізілуіне қарсы шығуда. Германия мұражайларға ПТР-анықтамамен кіргізе бастады. Ресей астанасында коронавирустың жаңа жағдайлары азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Токиодағы 6 мыңға жуық дәрігер қаладағы коронавирустың төртінші толқынына байланысты Олимпиада ойындарын өткізбеуге шақырды. Осыдан бір апта бұрын жапондық клиникалардың дәрігерлер тобы Олимпиаданы қауіпсіз өткізу мүмкін еместігін мәлімдеді. Жапония тұрғындарының басым бөлігі де бұл шараны кейінге қалдыруды жақтады. Елдегі 47 префектураның 9-ында төтенше жағдай мамыр айының соңына дейін жарияланды. 125 миллионнан астам жапондықтың тек үш пайызы ғана вакцинацияның бірінші дозасын алды, ауруханалар толып, дәрігерлер жүктемесі арта түсті.

Берлиндегі мемлекеттік мұражайлар 21 мамырдан бастап көпшілікке есігін қайта айқара ашатындарын мәлімдеді. Мұражайларға кіруге ПТР тест және сол күні алынған экспресс-тестің теріс нәтижесі болғанда, сондай-ақ FFP2 қорғаныс маскасы және алдын ала брондалған уақытқа билет алынған кезде ғана рұқсат беріледі.

Испанияда жүргізілген Combivacs зерттеуінен кейін анықталғандай, Astrazeneca вакцинасының бірінші дозасынан кейін Biontech/Pfizer вакцинасының екінші дозасын алу қауіпсіз және тиімді. Ғалымдар Astrazeneca препаратының екі дозасын алғандарда иммундық жауап 30-40 есе жоғары екенін тіркеді. Сонымен қатар зерттеуге қатысқан 600 адамның тек бірен-саранында елеулі жанама әсерлер байқалған. Бірқатар елдің билігі тромбоз қаупінің жоғарылауына байланысты Astrazeneca препаратын Biontech/Pfizer немесе Moderna вакцинасымен біріктіруді ұсынады. Германияда бұл 60 жасқа дейінгі тұрғындарға қатысты жүзеге асырылады.

Ресми мәліметтерге сәйкес Мәскеудегі COVID-19 бойынша күнделікті аурушаңдық көрсеткіші 2430 жағдайға дейін төмендеген. Бұл бір күн бұрынғы мәліметке қарағанда 1 мың адамға аз, деп хабарлады Коронавирус ахуалын бақылау жөніндегі жедел штаб. Айта кету керек, бұл 6 мамырдан бастап тіркелген Мәскеудегі ең төменгі көрсеткіш.


Соңғы жаңалықтар