Коронавирус бойынша әлемдегі ахуал: Дексаметазон тапшылығы және өлім-жітімнің артуы

None
None
ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустан өлім-жітімді азайтуда жақсы нәтиже көрсеткен дексаметазон препаратының өндірісін арттыруға шақырды. ҚазАқпарат бұл туралы bbc.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустің айтуынша, дексаметазонға сұраныс Оксфорд университетінің ғалымдары препаратқа жүргізілген зерттеу нәтижелерін жариялағаннан кейін бірден артқан. Клиникалық сынақ кезінде стационардағы 2 мыңға жуық науқас аталмыш препаратты қабылдаған. Анықталғандай, өкпені желдету аппаратына қосылған науқастар арасында өлім жағдайлары - 40-тан 28 пайызға дейін, ал Экстракорпоралдық мембранды оксигенациядағы (ЭКМО) науқастардың арасында 25-тен 20 пайызға азайған.

«Біз үшін келесі сынақ – дексаметазон өндірісін ұлғайту, сондай-ақ оны әлем бойынша жылдам әрі әділ тарату болып отыр. Бұл ретте, қажеттілік жоғары елдерге басымдық беріледі», - деді ДДҰ басшысы.

Мәлім етілгендей, дексаметазон медицинада 60 жылдан бері қолданылып келеді. Оның қабынуға қарсы әсері жоғары. ДДҰ препаратты тек ауыр жағдайдағы науқастарға және дәрігерлердің бақылауымен ғана беруге болатынын ескертеді.

Латын Америкадағы өлім жағдайлары

Джонс Хопкинс университетінің деректеріне сәйкес, Латын Америка және Кариб бассейнінің елдерінде коронавирустан қайтыс болғандар саны 100 мыңнан асып жығылды.

Өлім жағдайларының жартысынан астамы Бразилияда тіркелді. Бұл ел індетті жұқтыру және одан болған өлім оқиғалары бойынша АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Мексикада 23 мыңнан астам адам көз жұмды. Бразилия және Мексика көрші елдері сияқты қатаң карантиндік шараларды енгізбеген болатын.

Өлім-жітім жағдайлары, сондай-ақ Перу және Чилиде көп – сәйкесінше 8,4 мың және 4,5 мың адам.

Сарапшылардың пайымынша, кейбір елдер пандемияның шарықтау шегінен әлі өткен жоқ.

Делиде жаңа жағдайлар артуда

Үндістан астанасы Делиде бір тәулікте 4 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталды. Бұл, пандемия басталған уақыттан бергі ең жоғары көрсеткіш. Делиде барлығы 66 мыңға тарта адам індетке шалдыққан. Сырқаттану өсімі күн санап артып келеді. Билік өкілдері адамдардың жүріп-тұруын және байланыста болғандарды анықтауды жіті бақылауға алатынына уәде етуде. Жуырда Үндістан карантин шараларын жеңілдеткен болатын. Алайда, вирустың таралу қарқыны басылар емес. Жалпы елде коронавирус 440 мыңнан астам адамнан анықталды. Қайтыс болды – 14,4 мың науқас.

Еуропалық одақ және Мальдив елі туристерді қабылдауға дайын. Нью-Йорк суға шомылуға рұқсат бермек

Мальдив президенті Ибрагим Солих өз елі туристерді 15 шілдеден бастап қабылдайтынын мәлімдеді. Бұл ретте, шетелдік қонақтарға коронавирусқа тест нәтижесін көрсетудің қажеті жоқ. Мальдив үшін туризм табыстың негізгі көзі болып табылады. Пандемия салдарынан наурыз айынан бері халықаралық қатынас тоқтаған болатын. Осы уақытқа дейін коронавирус 2200 адамнан анықталды.

Еуроодақ шекараны 1 шілдеден бастап ашуды жоспарлап отыр. Алайда, коронавирус бойынша ахуал күрделі елдермен шекара жабық күйінде қалады. Атап айтқанда, АҚШ пен Ресейден келетін туристерді әзірге кіргізбеу ұсынылып отыр. ЕО елдері қандай мемлекеттерді қауіпсіз санауға болатынын анықтайтын критерийлерді әзірлеуі қажет.

Нью-Йоркте 1 шілдеден жағажайда суға шомылуға рұқсат берілмек. Бұл туралы қала мэрі Билл де Блазио мәлім еткен. «Сақтықты ұмытпайық, жағажайда да әлеуметтік қашықтықты ұстанып, маска тағайық», - деп жазды ол Twitter-де. Қалада жағажайлар 25 мамырдан бастап ашылғанымен, шомылуға тыйым салынған.

Соңғы жаңалықтар