Коронавирус: БҚО-да соңғы тіркелген 6 тұрғынның бесеуі – Ресейде жұмыс істейтіндер

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында соңғы тіркелген 6 тұрғынның бесеуі – Ресейде жұмыс істейтіндер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін таңғы 09.30-дағы мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында 6 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабынан алынған мәліметке қарағанда, соның бесеуі – Ресейде вахталық әдіспен жұмыс жасайтын азаматтар, бұлардың үшеуі – БҚО-ның, екеуі – Түркістан облысының азаматтары.

Саратов облысымен шектесетін «Тасқала» автоөткелінен өткен кезде олардың денсаулығына шағымы болмағанмен, карантиндік стационарға жатқызылды. Зертханалық сынама алынғанда, коронавирусқа шалдыққаны анықталды.

Тағы бір адам – Орал қаласының 54 жастағы тұрғыны. Ол бұрын ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандықтан, карантиндік стационарға жатқызылып, сынама алынған.

Қазіргі таңда алтауы да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда.

Осылайша облыста ауырғандар саны 92-ге жетіп, соның екеуі жазылып шықты. Бұлардың 78-і – Ресейден келгендер.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы тіркелген 10 науқастың 9-ы Ресейден келгенін, оралдық еріктілердің жалғызбасты ананың үйін жөндеп бергенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар