Коронавирус: БҚО-да қарашада 35 мыңға жуық адам зертханалық тексеруден өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қараша айында 34 684 адам зертханалық тексеруден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткендей, індет басталғаннан бері барлығы 196307 адамнан сынама алынған.

Күні бүгін облыс ПТР диагностикасы үшін 60178 зерттеуге арналған 1203 тест жүйесімен қамтамасыз етілген.

Облыста осы кезге дейін 7805 адамның індет жұқтырғаны тіркеліп, соның 7037-сі сауығып шықты. Ал 130 адам қайтыс болды.

1-23 қараша аралығында барлығы 781 адамнан коронавирус табылса, соның 527-сі немесе 67,4 пайызы Орал қаласында тіркелген.

Сондай-ақ қалаға іргелес орналасқан Бәйтерек ауданында сырқаттанғандар саны 103-ке жетті.

Өткен тәулікте облыста 33 адамнан ауру анықталды.

1-23 қараша аралығында мемлекеттік шекарадан 18683 адам өтсе, соның 3465-і – жолаушылар. Анықтамасыз өткен 347 жолаушының жетеуі коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.

Сол секілді халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 6482 жүргізушінің 2425-інде анықтама жоқ болып шықты. Бұлардың арасынан тест 22 адамның індет жұқтырғанын көрсетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 81 баланың коронавирус жұқтырғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар