Коронавирус балаларда Кавасаки синдромына себеп болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жұртшылық арасында жаппай болмаса да «қазір коронавируспен ауырып алсақ, жаңа толқыны кезінде вирус жұпайды» деген қасаң түсініктің бары жасырын емес.

Шын мәнінде бір ауырғаннан кейін вирустың қайта жұқпайтындығы ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Сондықтан коронавирус инфекциясынан барынша сақ болып, медицина мамандары айтқан талаптарды толық орындағанымыз абзал. Бұл орайда, әсіресе, балаларды бұл індеттен қорғау өте маңызды. Өйткені, соңғы уақытта еліміздің барлық өңірінде коронавирус жұқтырған балаларға қатысты деректер шығып жатыр. Иә, балалар бұл ауруды жеңіл өткізеді. Бірақ, оның салдары ауыр болып, арты COVID-19 ұқсайтын ауру - көпжүйелі қабыну синдромына, Кавасаки синдромына ұласып кету қаупі жоғары.

Жалпы, Кавасакимен көбіне кішкентай балалар ауырса, көпжүйелі қабыну синдромы жасөспірімдер мен 21 жасқа дейінгі жастар арасында кездеседі. Бұл синдромдар кезінде 24 сағат ішінде дене қызуы 38,5-тен жоғары болып, тыныс алу органдары зақымдануы мүмкін. Жөтеліп, денеге бөрітпе шығады. Конъюктивит болуы ықтимал, лимфа түйіндерінің өсуі, алақанның ісуі байқалады. Сонымен қатар құсу, жүрек айнуы, диарея, жұтынғанда ауырсыну сынды белгілері де бар.

«Астана медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева да балалардың коронавируспен ауруы қауіпті екендігін айтады.

«Коронавирус инфекциясы кез келген жасқа, балаларға да, ересектерге де жұғатындығын атап өткен жөн. Балалар да коронавирус инфекциясымен ауырады. Дегенмен, оларда ересектерге қарағанда ауру біршама жеңіл өтеді. Балалар көбіне симптомсыз түрін тасымалдаушы болады. Яғни, оларда аурудың ешқандай белгісі байқалмайды. Алайда, коронавирус инфекциясын жұқтырған балалаларда 2-4 апта өткеннен кейін мультижүйелі қабыну симптомы пайда болуы мүмкін екендігін естен шығармау қажет. Мұндай кезде бірқатар ағза мен жүйе зақымданып, баланың жағдайы ауырлайды. Дене қызуы үнемі жоғары болып, дәріге де түспейді. Теріде бөртпе пайда болып, өкпе, бас миы, буындар қабынады. Сондықтан да балаларды коронавирус инфекциясын жұқтырып алмауы үшін барынша қорғаған дұрыс болады», - деді Динагүл Баешева.

Қазіргі уақытта елімізде балалар арасында мұндай синдромның өсімі байқалып отырған жоқ. Бірақ, аурудың сәл кейінірек, яғни белгілі бір уақыттан соң пайда болуы мүмкін екендігін естен шығармауға тиіспіз. Сондықтан салғырттыққа жол беруге болмайды. Барлық уақытта сақтық шараларын қаперден шығармай, инфекционист дәрігердің ұсыныстарын ұстану қажет.

Ал Алматы қалалық балалар клиникалық ауруханасының гематология бөлімінің меңгерушісі Ұлжалғас Өскенбаева мұндай түрлі инфекциядан балаларды қорғау үшін ата-аналар жоспарлы екпелерден бас тартпау керектігін ескертеді.

«Балаларды түрлі вирустық инфекциядан қорғаудың сенімді жолы– вакцина. Көптеген профилактикалық егулер вирустық инфекциялардың алдын алуға бағытталған. Сондықтан ата-аналар балаларын күнтізбеге сәйкес екпе салдыруы керек»,– дейді дәрігер.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс педиатры Риза Боранбаева балалардағы коронавирус инфекциясын, Кавасаки синдромын диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы бар екендігін атап өтеді.

«Бүгінгі күні республикада балалардағы коронавирус инфекциясын диагностикалау мен емдеуге арналған жеке клиникалық хаттама жасалды. Онда балалар мен жасөспірімдердегі COVID-19 және мультижүйелі қабыну синдромының ерекшеліктері көрсетілген. Клиникалық хаттаманы ДДҰ мен ЮНИСЕФ әлемдегі соңғы мәліметтерге жүгіне отырып әзірледі. Балаларда коронавирус инфекциясы көбіне симптомсыз және жеңіл түрде өтетін болғандықтан оларға амбулаториялық ем ұсынылады. Сондықтан мұндай науқастарға арналған хаттамада симптоматикалық емдеу ғана бар. Вирусқа қарсы препараттар қолданылмайды, өйткені вирусқа қарсы препараттарда балаға қарсы көрсетілімдер бар», - деді Риза Боранбаева.


Соңғы жаңалықтар