Коронавирус: Ауыр халдегі науқасты емдеуге 1,5 млн теңге жұмсалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коронавирус науқасын емдеуге арналған тарифтер әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтып берді.

«Қазір қосымша 110 млрд теңге бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында елімізде қосымша 140 млрд теңге бөлінеді. Бұл есептеулер әлі нақтыланатын болады, өйткені олар коронавирус пен пневмония бойынша эпидемиологиялық жағдайдың қалай өрбитініне тікелей байланысты», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Қор КВИ диагностикасына, емдеуге және асқынуларға байланысты барлық шығынды медициналық ұйымдарға өтеу үшін емдеудің ауырлығын ескере отырып, жаңа тарифтер әзірледі.

«Осылайша, коронавирустық инфекцияның жеңіл деңгейіндегі бір науқасты емдеу – 292 600 теңге, орташа деңгейдегі науқас – 446 100 теңге, ауыр науқасты емдеу – 1,5 млн теңге. Өте ауыр халдегі науқасты емдеу үшін Қор бір науқас үшін 1,7 млн теңге төлейді», - деді Болат Төкежанов.

Спикер жедел жәрдем көрсету тарифінің құрылымында жеке қорғану құралдарына жұмсалатын шығындардың орта есеппен 40%-ға артқанын атап өтті.

«Қордың қосымша жоспарланған қаржыландыру көлемінен мобильді бригадалардың жұмысына шамамен 7,7 млрд теңге жіберіледі. Тіпті қазір емханалар мен отбасылық амбулаториялар жанынан діл осындай үш мыңнан астам бригада құрылды», - деді Б.Төкежанов.

Бұған дейін Болат Төкежанов коронавирусқа қарсы күрес шараларына 56,7 млрд теңге бөлінгенін айтты.


Соңғы жаңалықтар