Коронавирус: Атыраудағы кардиология орталығында инфекциялық стационар құрылды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда кардиологиялық орталықта 100 төсектік инфекция стационары ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған орталықта жүрек-қан тамыр ауруы бар науқастарды қабылдау жалғаса береді.

«Кардиологиялық орталықта жүрек-қан тамырлары сырқатына шалдыққан пациенттерді шұғыл қабылдау үшін 50 төсек-орын бар. Қазір мұндай пациенттерді жоспарлы емдеу үшін кардиологиялық орталыққа жатқызу тоқтатылды. Олар уақытша емханалардағы учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, бүгін кардиология орталығындағы инфекция стационарына коронавирус инфекциясын жұқтырған 6 науқас жатқызылған.

Өңірде өткен тәулікте қауіпті вирусқа шалдыққан 154 науқас анықталған.

«Қазір модульдік инфекциялық ауруханада 192, №2 облыстық ауруханада 142, фтизиопульманология орталығында 50 науқас емделіп жатыр. Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда - 52, аудандардағы стационарларда - 132 пациент емделуде. Сондай-ақ, үй жағдайында емделу үшін 608 адам оқшауланды», -деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың 7 ауданы мен Теңіз кенішінде коронавирусқа шалдыққандар анықталғанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар