Коронавирус артериалды гипертониясы бар адамдарға қаншалықты қауіпті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус пен пневмониядан көз жұмған азаматтардың 50 пайызы артериалды гипертониямен ауырған. Мұндай мәліметті ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Махаббат Бекбосынованың түсіндіруінше, коронавирус пневмониясының ауыр түрінің өршу тәуекелінің ең күрделі факторы – артериалды гипертония.

«Артериалды гипертониясы бар пациенттер – қауіп тобы бойынша ең алдыңғы қатарда тұр. Оларда пневмония жылдам әрі ауыр болады. Жүрек-қантамыр жүйесінде патологиясы, артериалды гипертония немесе жүрек ауруы бар барлық қазақстандықтардан тұрғылықты жері бойынша емханаға есепке тіркелуді өтінемін. Сонда олардың жағдайын қазірдің өзінде бақылауға алып, денсаулық жайын қадағалап отыруға мүмкіндік болады», - деді Махаббат Бекбосынова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Орталық басшысының айтуынша, жүректің созылмалы ауруларымен ауыратын пациенттер басқа ауруы бар адамдарға қарағанда коронавирусты ауыр дәрежеде өткереді.

«Жүрек қантамыр жүйесінде патологиясы бар пациенттер коронавирустың алғашқы белгілері пайда болса, бірден дәрігерге жүгінуі керек. Ешқашан өзімді өзім емдеп алам деп ойламаңыздар. Мұндай адамдарда пневмония жедел өршиді. Ауыр көтереді. Мәселен қайтыс болғандардың жартысында артениалды гипертония болған», - деді ол.

Сонымен қатар Махаббат Бекбосынова мұндай адамдар жедел жәрдем келгенше не істеуі керектігін түсіндірді.

«Артериалды қысымды өлшеу керек. Қазір адамдардың көбі үйінде-ақ тонометрмен қысымын өлшей алады. Егер қысым жоғары болса, жантайып демалған абзал. Пациентте мұндай жағдайда міндетті түрде «Каптоприл» болуы тиіс», - деді Махаббат Бекбосынова.


Соңғы жаңалықтар